Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Каринаны ұрып жатқанда оянып кеттім": Алматыда 7 жасар өгей қызын ұрып өлтірді деп айыпталған әйел кінәні баланың әкесіне артты

Алматыда жеті жасар Каринаны асқан қатыгездікпен ұрып өлтірді деп айыпталған әйел бар кінәні азаматтық некедегі күйеуіне артып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото видеодан алынған

Сотта айыпталушы Балжан Тұрлыбекова өгей қызына киімдер әперіп, мектепке дайындағанын, би үйірмесіне жазып, жеке репетитор да жалдағанын айтты. Сондай-ақ Каринаның әкесімен отбасын құрған соң баланы асырап алуды жоспарлаған. 

Бірақ қыздың әкесі баланы кіші дәретін ұстай алмағаны үшін ұрып келген, деді әйел сотта. Тіпті кейде 7 жасар қызды салқын душқа түсіріп, бақша қайшысымен ұрғанын, балконға қамайтынын айтқан. 

Сот барысында әйел қылмыс болған күнгі оқиғаны баяндап берді.

“Сол күні Бакен Каринаны ұрып жатқанда оянып кеттім. Сол сәтте маған медбике жазып, Каринаның медициналық картасын алып кетуді өтінді. Сосын мен Бакенді азық-түлік алып келуге дүкенге жібердім. Ал Каринаны жуындырып жатқанда ештеңе демеді. Бакен келген соң үйден жұмыс істейтінін айтты. Бұдан кейін медициналық картаны алып келуге кетіп қалдым”, – дейді Балжан Тұрлыбекова. 

Бұдан кейін әйел үйді жинамақ болған екен. Каринаның жанынан өтіп бара жатқанда жағымсыз иіс сезген, сосын қыздың әкесіне қоңырау шалып, жуындыруын сұрапты. 

“Олар ваннаға кіріп кеткен. Мен шаңсорғышпен үйді тазалап болған соң жуынатын бөлмеде су ағып жатқанын естідім. Ваннада Карина жатыр екен, ал жанында заттары тұр. Қорылдап жатқанын естідім. Бакенге қоңырау шалып, тез үйге кірсін дедім. Ол келгенше мен Каринаны жуындырып қойғанмын, ал аузынан сілекей аға бастады. Жуындыра салысымен бөлмеге алып бардым. Ал Бакен ваннаны жинастырып жатқан. Бөлмеге кірген соң қыздың есінен танып қалғанын айтты. Мен оған дәріханаға барып, жедел жәрдем шақыр дедім. ...Мен баланың көз жұмғанына сене алмадым. Жедел жәрдем кеткен соң Бакенге ұрсып, полицияға бұл жағдайды қалай түсіндіретінін сұрадым. Ол тізерлер, “Жаным, мені полицияға ұстап берме, түрмеде өліп қаламын, ол жақта шыдамаймын” деді. Сосын полиция келді”, – деді Тұрлыбек. 

Айыпталушы күйеуінің қылмысын жасырмай, әу баста шындықты айтуым керек еді деп өкінді.

Еске салсақ, былтыр шілде айында Алматыда 7 жасар өгей қызын ұрып өлтірді деген күдікпен қоғам белсендісі Балжан Тұрлыбектің қамауға алынғаны туралы жазған еді

Талқылау