“Зорлық-зомбылыққа үгіттеп жатырсыз”: Байзақованың інісінің әрекеті желідегілерді ашуландырды
Атышулы блогер Айжан Байзақованың інісі Әлихан Байзақов өзінің Instagram парақшасында сүйіктісі үйлену ұсынысынан бас тартса, оны ұрып тастайтынын меңзеп, видео түсірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото видеодан алынған
Байзақов желідегі парақшасында қыз ұсынысын қабылдамаса, не болатыны туралы видео түсірген. Өзі әзіл деп есептеген видеода ол қызды "боксшылардың грушасын ұрғандай ұрамын" деп меңзейді. Алайда желі қолданушылары оның бұл әрекетін түсінбей, жағымсыз пікірлер жазған.
Видеоны ұнатпағандардың қатарында белгілі стенд-апшы Ғалым Қалиакбаров та бар. Ол елдегі петицияны да тілге тиек етті.
“Кейбір адамдар тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы петицияға қол қойып жатса, осында біртүрлі адамдар керсінше қарсыласып видео түсіруде”, – дейді Қалиакбаров.
Кейбір желі қолданушылары Байзақовты "ақыл-есі кем" деп атады.
“Сіз сияқтылардың қолынан қанша адам құрбан болды. Осылайша, басқаларын зорлық-зомбылыққа үгіттеп жатырсыз”, – деп жазды қолданушылар.
Сондай-ақ видео түсірілген Invictus фитнес-клубтар желісі даулы видеодан кейін Әлихан Байзақовтың спорт залдарына кіруіне тыйым салды. Invictus желісі Байзақовтан фитнес залында түсірілген бейнежазбаны өшіруін сұрағанын атап өтті. Блогер видеоны өшіруден бас тартқан. Алайда кейінірек блогер видеоны парақшасынан жойған.