Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада жоғалып кеткен такси жүргізушісі Алматы облысынан табылды

Полицейлер Астана – Қарағанды ​​бағытындағы жолда жоғалып кеткен 18 жастағы такси жүргізушісі Нұрсұлтан Жәнібекұлын Алматы облысынан тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Астана қалалық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, такси жүргізушісі болған жігіт 9 желтоқсанда Астанадан Қарағандыға тапсырыс алған. Куәгерлердің айтуынша, ол кейін Қарағандыдан Алматыға кеткен. 19 желтоқсанда полицейлер із-түзсіз жоғалған азаматтың қайда екенін анықтады.

"Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Астана қаласы ІІД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Алматы облысы Қарасай ауданы Іргелі ауылында компьютерлік клубта жоғалып кеткен астаналық тұрғынды анықтады. Бұған дейін елордалық тұрғын жалға алынған Chevrolet Cobalt автокөлігімен такси жүргізушісі болған 18 жастағы ұлын табуға көмектесуді өтініп, Байқоңыр ауданы әкімшілігіне арызданды", –  деді Астана полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ресми мәліметтерге сәйкес, жас жігітті іздеуге Астана қалалық полиция департаментінің жеке құрамы күш жұмылдырылған.

"Адамдардың жаппай шоғырланған жерлері, жатақханалар мен қонақүйлер тексеріліп, із-түзсіз жоғалған адамның байланыс шеңбері анықталды. Бейнебақылау камералары қаралды.Тексеру барысында оның Астанадан Қарағандыға кетіп, кейін Алматы облысына қарай бет алғаны анықталды", – деп хабарлады елордалық полиция.

Полицейлер оның мұнда не үшін келгенін сұрағанда, жігіт қашып кеткенін айтқан.

Еске салсақ, полицейлер Астана – Қарағанды ​​бағытындағы жолда жоғалып кеткен 18 жастағы такси жүргізушісі Нұрсұлтан Жәнібекұлын іздестіріп жатқанын хабарлаған едік. 

Талқылау