"Зорлық-зомбылықпен өлтірілген": Ақтөбеде екі адамның мәйіті табылды
Ақтөбеде Нокин көшесінің бойында Елек өзенінің жағасынан екі мәйіт табылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Ақтөбе облысы прокурорының көмекшісі Өркен Ещанов оқиғаның 26 қазан күні жергілікті уақыт бойынша сағат 20:14-те орын алғанын айтты. Айтуынша, Ақтөбе қаласы ІІД Орталық жедел басқармасының "102" пультіне шұғыл хабарлама келіп түскен.
"Ақпаратты тексеру үшін оқиға орнына облыс прокуроры мен жедел-тергеу тобы келді. Олар жеткен кезде көрсетілген мекенжайдағы бұталардың арасынан 1991 жылы туған К.А. мен 1995 жылы туған Т.С.-ның мәйіттері табылды. Олар зорлық-зомбылықпен өлтірілген. Екі адамның өлімін ескере отырып, қылмыстық іс бойынша процессуалдық прокурорлар тобы анықталды. Тергеуді облыс прокуроры бақылауға алды", – деді Өркен Ещанов.
Бұл іс Ақтөбе қаласы Алматы ауданының №3 қалалық полиция бөлімінің сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы "Екі немесе одан да көп адамды өлтіру" бойынша тіркелген.