Қазақстанда өрт сөндірушілердің жалақысы өседі - Төтенше жағдайлар министрлігі
Өрт сөндірушілердің жалақысы өседі. Бұл туралы ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Дмитрий Титов мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Төтенше жағдайлар министрлігі өкілінің айтуынша, елімізде өрт сөндірушілер алғашқы жұмыс жылында шамамен 115 мың теңге жалақы алады, ал еңбек өтілі 20 жыл болса, оның жалақысы 200 мың теңгеден асады. Қазір жалақы мәселесін шешу министрліктің күн тәртібінде тұр.
"Бүгінгі таңда Төтенше жағдайлар министрлігінің материалдық-техникалық жабдықталуы 69 процентке тең. Жыл сайын бюджеттен өрт сөндіру техникасын сатып алуға тиісті қаражат бөлінеді. Бірақ біз қолданатын автоцистерналардың бағасы 90 миллион теңгеден асады. Егер полиция қызметінің көліктерімен салыстыратын болсақ, біздегі техника 8 есеге қымбат. Сондықтан екі ведомствоға бірдей сома бөлінеді дейтін болсақ, біз басқа ведомствоға қарағанда әлдеқайда аз машина сатып аламыз. Осыны ескерген жөн", – деді Дмитрий Титов.