Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жұрттан ұрыс, ауыр сөздер естуді көтере алмадым": Әнші Индира Расылхан Стамбұлдағы өмірі мен бизнесі жайлы айтты

Орамал тағып, сахнадан алыстаған әнші Индира Расылхан – қазір Стамбұл қаласының тұрғыны. Жуырда отбасымен бірге қоныс аударған әншіден Stan.kz тілшісі экслюзивті сұхбат алып, өзге елге қоныс аудару себебі мен ол жақтағы өмірі туралы сырласты.

Расылхан

– Индира ханым, жаңа қонысыңыз құтты болсын! Стамбұлға қоныс аударудағы басты себеп қандай?

 Бірнеше жыл бұрын осы Стамбұлда тұрсақ, мақсаттарымызды орындасақ деп армандаған едік. Елін құрметтемеген, жақсы көрмейтін азамат ретінде емес, бала-шағам басқа елдің де мәдениетімен таныссын, өсін, керегін өзіне алсын, сіңірсін деген ниетпен көштік. Менің қыздарым кішкентайынан өнерге жақын. Әсіресе, Аидина актерлік білімді осы елден үйренуге қатты қызықты. Қыз баласы болғандықтан, жалғыз жібергім келмеді, қорықтым. Осы екі қызымның мақсатын орындау үшін Қазақстанда жиған-тергенімді, өнерімді, сахнаны, тойдың қызықтарын, достарым мен бауырларымды тастап келгенім бар. Қазір Аидина актерлікті оқып жатыр. Ал Дарина АҚШ-қа кетуге ниеттеніп жүр.

 Көпшілік “орамалмен сахнаға шығуға тыйым салған соң, елден көшіп кетті” десе, енді бірі “орамалына қарсы тұрушылар көп болғандықтан, көшіп кетті” десіп жүр. Қай нұсқа дұрыс?

– Жоқ, орамалдың қоныс аударуға ешқандай да қатысы жоқ. Десек те сахнаға орамалмен шығуға тыйым салынғаны рас. Себебі мен толық жабындым. Шариғаттың талабы бойынша әйел адамның беті мен екі алақаны ғана көрінуге рұқсат. Мен сол талапқа сай, ешқандай жеңілдетпей орамал тақтым. Алланың үкімімен тағылған орамалымды телеарналар өзгерткісі келді. Бірақ мен оған келісе алмадым. Иә, бізде сахнада орамал тағып жүргендер бар. Алайда толық шариғат тұрғысынан деп айта алмаймын. Әйтеуір кішкене арба сынбаудың, өгіз өлмеудің амалын жасап жүр. Маған да көптеген телеарналар орамалды артқа тағып, құлағыңыздағы сырғаны көрсетіп қойсаңыз деп айтты. Мен келіспедім. Содан кейін мені ешқандай арна бағдарламаларға шақырмады. Оның да бір қайыры бар деп білемін. Өзім өнерді сағынбайды емеспін, сағынамын. Қазір әндерді қарастырып жатырмын. Жазып, өзімнің YouTube каналыма салып қойсам деген ойым бар.

 Орамал тағуыңызға не себеп болды?

– 2019 жылы қатты ауырып, өкпеме операция жасатқан едім. Мен сол кезде іштей егер осы отадан аман қалып, дерттен толық жазылатын болсам, ақырындап орамал тағуға әрекет етемін деп ниеттендім. Алғашқыда шашымды көрсетпей, орамалды артқа тағып жүрдім. Кейін толық хиджапқа ауыстым. Оған қашан және қалай бет бұрғанымды өзім де білмей қалдым. Ең бастысы, өзімнің талай жылғы арманым орындалды.



– Қыздарыңыз бойжетіп қалды. Ұзатуға қаншалықты дайынсыз?

– Қыз болып дүниеге келген соң, өзінің миссиясын орындаса деген аналық арманым бар. Дегенмен олар да адам болғандықтан өз таңдаулары мен шешімдері, қалаулары бар. Олардың өздерінің шариғат заңы бойынша үш рет қана кездесіп, тұрмысқа шығамыз деген мақсаттары бар. Өзара сырласқан кезде “бұл жігіт менің адамым ба, жоқ па деп сынап жүріп көруден аулақпыз. Алладан өзіміздің жұбымызды адаспай табуды тілейміз” деп айтады. Ниеттеріне Алла жеткізсін деген менің де аналық тілегім бар.

– Басқа аналарға бала тәрбиесіне қатысты айтар қандай кеңесіңіз бар?

– Барлық аналардың құлағына алтын сырға болсын деп мынадай кеңесімді айтып өткім келеді: Кейде аналар қыздарына: “Жүріп көр, сөйлес, сына. Бәлкім ол сен ойлағандай емес” деп ақыл айтып жатады. Негізі қыз бен жігіт болып жүргенде өзара шағын сынақтарға шыдамай, бір-біріне ауыр сөз айтып, беттері ашылып кетеді. Ол шаңырақ көтерген соң мұның бәрі еске түсіп, әрбір ұрыс-керісте бетке басылып, берекесі қашады. Ал некеде барлық береке бар. Үш көріп үйленген қыз бен жігіт некеден кейін бір-біріне ерекше құрметпен қарайтын болады. Сүйіспеншілігі өзгеше болады. Сондықтан әр қыз да, ер бала да танысқан кезде “бұл менің жарым болуға лайық” деген жүректе бір сезім оянса тәуекел ету керек. Себебі ерлі-зайыптыларды қосатын Алла. Ал жүрек Алланікі. Сондықтан егер жүрегіңізде сәл де болса жылулық болса, Аллаға тәуекел етуді үйреніңіз.

– Ал өзіңіз қыздарыңызбен махаббат, қыз бен жігіттің қарым-қатынасы туралы ашық сөйлесе аласыз ба?

– Әрине, ашық сөйлесеміз. Ол кез келген ананың міндеті деп ойлаймын. Кейде аналардың “мынаның не істеп жүргенін білмеймін. Ештеңе айтпайды” дейді. Қыз бен анасы ашық сөйлесе алуы үшін “мама” рөлінде емес, “сырлас құрбы” рөлінде болу керек. Анасы қызына кішкентайынан жүректерін ашу керек. Біздің үйде солай. Мен қыздарыма еркіндік беріп, оларға сенетіндігімді айтып отырамын. Қайта-қайта хабарласып “қашан келесің? қайдасың?” деп миларын ашытпаймын. Тек үнемі Аллаға тапсырамын. Балаға деген сенімділік болатын болса, олар өздері-ақ жауапкершілікті сезінеді.

 Бұл еркіндік қазақтың “қызға қырық үйден тыю” деген сөзіне қарсы емес пе?

– “Тыю” деген үйде қамап қою емес, айтып түсіндіру шығар деп ойлаймын. Балаға ненің ақ, ненің қара екендігін түсіндіру керек. Біз осы мақалды турасынан ұғынып, балалардың жеке шекарасын бұзып, оларды жеке тұлға ретінде сыйлаудан қаламыз. Сол себепті көп қыздар ерте тұрмысқа шығуға асығады. Олар сол жақта еркіндік бар деп ойлайды. Алайда менталитеттің жазылмаған заңы бойынша келінге қойылатын талаптар тағы бар. Осылайша бір үйдегі проблемадан қашып, екіншісіне тап болады. Нәтижесінде өзін жоғалтып алады.

 Қазір өзіңізді психолог-коуч ретінде көпшілікке танытып жүрсіз. Осы салада арнайы білім алдыңыз ба?

– Арнайы білім алдым. Бірақ ол кішігірім ғана сабақтар деп айтқаным дұрыс шығар. Жан мен тәнді емдеу үшін өмір бақи ізденісте болу керек екен. Өзімнің психологиялық ізденісте жүргеніме, өз-өзіммен жұмыс жасап жүргеніме бес жылдай уақыт болды. Оның ішінде нақты бір жыл осы салаға білек түріп кірістім. Өзімнің практикамда жасап, бойымнан өткізген ілім-білімдерді ғана көпшілікпен бөлісіп жүрмін. Мысалы, мен миллионер болу оңай деп айтып жүрген жоқпын. Себебі бұл менің бойымнан өтпеді. Нәтижеге жеткен, өміріме өзгеріс әкелген жан тыныштығы, бәрін Аллаға тапсыру туралы шынайы техникаларды айта аламын. Өмірде өздерін таба алмай, аласұрып жүрген қаншама жандар бар. Олар өздеріне де, бауырларына да, ата-анасына да өкпелеп жүреді. Міне соларға дұрыс бағыт беру қазіргі менің басты миссиям.

 Қазір екінің бірі психолог, коуч болып жүр. “Аңқау елге арамза молда” деген нақылдың күйін кешіп жүрген жоқпыз ба?

– Біздің халыққа әлі де болса көп психологтар керек. Себебі біз қаншама көп қиындықтардан өттік. Бойымызда өте көп травмалар мен үлкен қорқыныштар бар. Ол қорқыныштарға сонау Жоңғар шапқыншылығы, қалмақтармен соғыс және т.б.талай көтеріліс пен соғыстар әсер етті. Соның салдарынан қорқыныш деген біздің генетикамызда қалып қойған. Батыр халықтың ұрпағы болсақ та, үрей мен қорқыныш бойымызды билеп алған. Ең қарапайымы, бір іс бастаудан қорқамыз. Сондықтан  тәсілдер қолданып, өз өзімізбен жұмыс жасауды үйрететін мамандар елімізге көптеп керек.

– Жеке отбасыңыз туралы сұрақты қою заңдылық шығар. Жолдасыңыз туралы ақпараттар хайп па, әлде шындық па?

– Мен хайп қуып жүрген адам емеспін. Маған хайп керек емес. Ал жеке отбасым туралы ішің білсін әлу-ай деп қоя салайын.

– Отбасын сақтап қалу үшін кім күресу керек: еркек пе, әлде әйел ме?

– Біздің қоғамда әйелдерге артылған жауапкершілік тым көп. Үйдің шаруасымен айналысатын - әйел! Ақша табатын да - әйел! Жөндеу жұмыстарын жасайтын да - әйел! Кір жуатын - әйел! Тамаққа жауап беретін - әйел! Бала туатын да, бағатын да, асырайтын да - әйел! Үйінде пультпен жататын еркектер көбейіп кеткен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) әйелдерін өте қатты құрметтеген, әйелдерінің жағдайын жасаған. Тіпті босанған әйелдеріне күң алып беретін болған. Мақсаты жаңа туған әйелдің өз қалпына келуіне, балаларына қарауына мүмкіндігінің болуы еді. Осы түрік елінде әйелге деген құрмет ерекше. Мен қаншама саудада жүрмін, базарда тауар сатып тұрған бір түрік әйелін көрген емеспін. Негізі әйел асыраушы емес. Соны еркектер түсінсе екен деймін. Кей еркектер жұмыстағы, сырттағы барлық проблемасын үйге алып келіп, әйеліне шығарады. Кейде біздің ер азаматтары жұмыстан шаршап келгенде тамақ дайын болмаса, бала-шаға шулап жатса, ашуланып шығады. Осы орайда мен айтар едім: ол өзінің Алла алдындағы міндетін атқарып жатыр. Балаларды асырау, нәпақасын табу ол еркектің міндеті. Ендеше Алла алдында өз міндетін атқарып жүрген ер азамат неге ашулану керек? Неге іс әрекетін міндетсіну керек?



 Қазір байқасаңыз, көп әйелдер жұмыс жасап ақша табуда. Бұл - ер азаматқа көмектесу ме, әлде еркектің жалқаулығына жол ашу ма?

– Қазір көп әйелдер жұмысқа шығып, еркектері үйде бала бағып отыр. Олар әйелдің үйдегі тірлігінің оңай еместігін түсінсін. Қазір біздің ер адамдарға тәрбие керек. Ер адамдар майдаланып, өз міндеттерін жоғалтып алды. Ал әйелдер керісінше “қасқыр” болып кетті. Негізі мен “еркек ақша тапқанша, әйелге шыдап үйде отыр” деп айтқым келеді. Себебі ризықты Алла тек асыраушы адамға ғана береді. Егер әйел “мен еркекке көмектесемін” деп шықты ма, Алла еркектен ризықты азайтып тастайды. Осы жағдайдан еркектің ризық табуы бірден төмен түседі. Көп әйелдер қазір күйеулеріне мама рөліне кіріп, солардың жағдайын жасап кеткен. Бұл - дұрыс емес. Әйел еркекке “мен сен тапқан ризыққа шүкіршілік етуші әйелденмін. Алла не бұйыртса соны ішіп-жеймін” деу керек. Мен бала-шағама да соны үйретемін.

– Стамбұлда саудаға да бет бұрғаныңызды білеміз. Жаңа кәсіптің біраз сынақтары да кездескені рас па?!

– Иә, біраз сынақтар болды. Музыка саласында мені ұйқыдан оятып жіберсе де кез келген нәрсеге жауап бере аламын. Соған машықтанып қалғанмын. Ал мүлдем басқа бағытқа бет бұру оңай болмады. Одан кейін адам өзіне ұнайтын іспен айналыспаған соң, өзін қинап жасаған соң жұмыста нәтижелі болмайтын сияқты. Стамбұлға келген кезде күнкөріс ретінде саудадан басқа кәсіп көзін көрмедім. Осы саудаға бет бұрып, айналыса бастаған кезде біраз клиенттерден ұрыс естідім. Ақша беріп отырған әрбірі өктем сөйлейді. Бұрын-соңды Индираның бетіне халық қарап сөйлемеген. “Индира ханым, біздің тойда атсалысқаныңызға рахмет ” деген сөздерді естіп үйренген маған қарапайым анау ауылдан біреу “мен саудамен айналысамын, маған осындай заттар керек” деп ақша салып жіберуі мүмкін. Ертеңгі күні сол адам саған “не салып жібергенсіз” деп ұрысып отырады. Бұл енді көкіректік деп айта алмаймын. Өзіңіз ойлаңызшы, анау әншілік дәрежеден саудагерлік дәрежеге түскен кезде мен соны көтере алмадым. Жұлдызды Индира Расылхан саудамен айналысып, жұрттан ұрыс, ауыр сөздерді естуді көтере алмады. Мен оны мойындаймын. Сосын мен адамға сенгіш жанмын. Сол қасиетімнің кесірінен біраз опық жедім. Зат тасымалдау мәселесі бойынша Каргода біраз заттар жоғалып кеткен кездер болды. Біразын әлі де өз қалтамнан төлеп жүрген жайым бар. Кейін алтынға көштім. Тек алтынмен айналысуға бел будым. Сол кезде де мені 2-3 адам алдап кетті. Жеткізіп береміз деп, жоқ болды. Сондай сынақтар өте көп болып кетті. Солардың ақшасын әлі күнге дейін өзім төлеп жүрмін. Енді сол өзімнің басымнан өткен тәжірбиені, сабақтарды саудаға ниетті адамдарға үйреткім келеді.

 Алла ісіңіздің жеңілдігін нәсіп етсін. Сөз соңында, Түркия елінде қанша уақыт тұрақтауға ниеттісіздер?

– Мен әзірге ештеңе айта алмаймын. Алланың бұйрығаны болады. 3-4 жыл тұрсақ деген ниетіміз бар.

– Сұхбатыңызға рахмет!

 

Сұхбаттасқан: Жанар Тайырқызы

Талқылау