Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Отағасы “бұл дұрыс емес, мүмкін, сахнадан кетесің" десе, жылап қаламын: Дана Тұрарбек өміріндегі тың жаңалықтарымен бөлісті

Әзілдерімен халықты күлдіріп те, жылатып та жүрген “Өнер қырандары” театрының әртісі Дана Тұрарбек бүгінде бизнеске аяқ басқан. Сахнадан кету ойымда жоқ деген ол Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында бала тәрбиесі мен жеке кәсібі туралы айтып берді. 

 Дана ханым, жаңа бизнестеріңіз құтты болсын. Сіз енді тек актриса емес, қолөнер шебері және дизайнерсіз. Бұл саланы меңгеріп, бизнес ашу идеясы қайдан келді?

– Қос бизнесті бастауыма себеп болған – карантин. Карантинде текке жатпайын деп резинарт техникасын, тігінді оқып меңгердім. Одан кейін көпбалалы ана ретінде мемлекеттік байқауға қатысып, 583 000 теңге грантты ұтып, оған резинартты оқытатын студия аштым. Күні бүгінге дейін офлайн, онлайн 500-ге жуық шәкірт тәрбиеледік. Одан бөлек, тағы бір мемлекеттік грантқа қатысып, 4 700 000 теңгені иемденіп, оған “DANALYQYK” деген атаумен қыз-келіншектерге арналған етек-жеңі жабық, салт-дәстүрге сай әдемі қазақи киімдер топтамасын шығардық. Киімдердің стилі мен дизайнын жолдасым екеуміз ақылдасып шығардық. Байқасаңыздар, бұл жай киімдер емес, ерекше әрі өзгеше. Ерекшелігі сол, біз батыл, мінезді қыздарымыз Әлия мен Мәншүкке еліктесін деген ниетпен солардың киімдерін жаңғыртып, заманға сай етіп ұсындық. Ал нәзік қыздарымыз Қыз Жібекті үлгі етсін деп бүрмелі қос етек көйлектерді заманға сай нақышпен тігіп, оған авторлық оюлар салып шықтық. Одан бөлек, қазақтың құрақ кұру әдісін жағаға, жеңге салып этностильде киімдер шығардық.

– Бағасы көпшілікке қолжетімді ме?

– Әртүрлі. Қолжетімді бағадағы киімдер де бар. Және қымбаттау киімдер де бар. Себебі, біз барлық қажетті заттарды: матаны, жіпті т.б. шетелден алғызамыз. Жақсы сапалы киім үшін жақсы мата қажет. Жақсы матаның бағасы да жақсы. Тігетін тігіншіміз бар, ою-өрнектерді бастыруымыз – бәрі ақша. Сондықтан кейбір киімдердің бағасы сәл қымбаттау болуы қалыпты.



– Қолөнерді үйрету курстарын бастағаныңызды өзіңіз айта өттіңіз. Сол туралы айтып берсеңіз.

– Біз екі рет онлайн курс өткіздік. Екі топта да қыздар нәтижеге жетті. Әрине, арасында интернеттен басқа біреудің жасағанын көшіріп алғандар болды. Біз оларға қатаң ескерту жасадық. Бұл бизнестен миллионер болып кетпесе де, бір туысына ерекше сыйлық жасап қуанта алады. Кім жасап, тапсырмаларды орындамаса, біз сол кісілерге сертификат бермейміз деп әу бастан ескерттік. Ақша төлеп оқығандықтан, меңгеріп кетуі біз үшін маңызды.

 Мектепте барлық оқушы үздік болмайды. Тура солай курста да нәтиже шығара алмайтын студенттеріңіз бар шығар. Олардың кейде сізді кінәлі етіп, шағым айтқан кездері болмады ма?

– Жоқ, болмады. Маған офлайнға да, онлайнға да келген жандар өте алтын қыздар болды. Алла Тағала ниетке қарайтын беретін шығар. Мен әр оқушыма бар білгеніммен 100% бөлісіп, үйретенемін. Әрине, арасында кейбір қыздарым артық қыздырып, сағатты бұзып алған кездері болды. Ондай кезде “қолымнан келмейді” деп сынып кетпей, тез-тез реставрация жасап, қалыпқа келтірген кезіміз болды. Оқыған қыздарым өздерінің жұмыстарын күні бүгінге дейін жіберіп отырады. Ал кейбір қыздар курс барысында оқып үлгермесе, қосымша тағы уақыт береміз.

– “Жеке мемлекет” болғандарыңызға 15 жыл толыпты. Құттықтаймыз! Instagram желісінен өте дана келіншекті көреміз. Әсіресе отбасы мен жұмысты біріктірген нәзік жанға бәрі тамсанып қарайтыны анық. Жалпы өнерде де, өмірде де қолұстасқан жұптың арасында ыдыс-аяқ сылдырлай ма деген сұрақ көпке қызық екен?

– Отбасы болған соң қызығы мен шыжығы қатар жүреді. Қазір көпшілікке әдемі жұп болып көрінсек, бұл – үлкен еңбектің арқасы. Мен өз кемшіліктеріммен, отағасы өз кемшіліктерімен жұмыс жасадық, әлі де жұмыс жасаудамыз. Біріміздің жақсылығымызды арттырып, кемшілігімізді жасыратын дәрежеге жеттік, Аллаға шүкір. Оның бәрі сана-сезімге байланысты. Жасқа немесе өмірлік тәжірбиеге де қарамайтын шығар. Кейде сондай жас отбасыларға қарасаңыз көз тоймайтындай тату-тәтті, үлгілі отбасылар болады. Кейбір жиырма жыл тұрып жатса да, олардан алатын ештеңе болмай, “әттеген-ай” дейтін кездер де болады. Біздің Мәкең екеуміздің мақсатымыз бір – жәннатқа қол ұстасып кіру. Қандай да бір түсінбеушілік болса, оны сөйлесіп, талқылап, шариғат шеңберінде шешімін табуға тырысамыз. Қандай да проблема болса да шариғат шеңберіне салсаңыз, шешілмейтін түйін жоқ екен.

 Жуырда той үстінде ойыннан жеңіліп қалып, қалыңдығын ұрып жіберген күйеуі жігіттің видеосы көпті шулатты. Жалпы, қоғамда қол көтеруге шыдау керек деген түсінікте өмір сүретіндер өте көп. Сіздің осы тұрғыдағы ой пікір, көзқарасаңыз қандай?

– Шынымды айтсам, Instagram-да сағаттап отырмаймын. Сондықтан да байқамаған шығармын. Жалпы исламда “сендердің ең жақсыларың – әйелдеріңе жақсы қарағандарың” дейді. Мен қай кезде де қол көтеруге қарсымын. Тіпті ұлдарымды қазірден бастап “қыздарға қол көтеруге болмайды, олар нәзік” деп тәрбиелеймін. Отан – отбасынан басталады. Отбасында әйел балаларына әйелді ұруға болмайтынын түсіндіріп тәрбиелеу керек. Сол кезде осындай проблема болмайды.

 Отбасының берекесін сақтау үшін не керек? Қандай да бір қағидалар ұстану қажет пе?

– Отбасының берекесін сақтау үшін әркім өзінің рөлін білу керек. Еркек өзінің еркек екенін, асыраушы екенін, әйелі мен бала-шағасына жауапты екенін, ризық табушы екенін білу керек. Әйел адам өзінің нәзік, отбасының ұйытқысы екенін, ерінің тапқанын шаша бермей, мұқият болу керектігін біліп, отағасына ерекше құрмет пен сыйластық таныту керектігін білу керек. Отбасында балаларды “әке біледі, әкеңнен сұра, әкеңе айтам” деп тәрбиелеудің сыры тереңде. Біріншіден, балалардың әкеге деген құрметі ерекше болса, екіншіден, еркек сол құрметке лайық болуға тырысады. Үлкен жауапкершілікті сезінеді. Отбасының берекесінің тағы бір себепшісі –  адал ас. Жемқорлықпен, ұрлықпен, т.б. арам жолмен келген ақша да, аста түбінде отбасының тыныштығын бұзады.

– Бала тәрбиесіндегі басты 5 қағидаңыз қандай?

– Үнемі айтатын бір сөзім бар. “Адал болыңдар, өтірік айтпаңдар деймін. Өтіріктің арты бір тұтам. Түбі біліп қоямын, сол кезде жаман болады. Ешқашан біреудің ала жібін аттамаңдар. Біреуді сынап,өсек айтпаңдар. Өздеріңді біреуден төмен де, жоғары санамаңдар. Бір-біріңе бауырмашыл болыңдар” деп айтып отырамын. Және мен тазалыққа басты мән беремін. Жанның да, тәннің де тазалығы туралы көп айтып отырамын. Тек өзіміздікін ақылымызды айта бермейміз, балалардың да ойымен санасамыз. Оларда да таңдау мүмкіндігі бар. Балаларды да жеке тұлға ретінде сыйлаймыз.

– Тұңғышыңыз бойжетіп қалды. Орамал тағу өзінің таңдауы ма? Мектеппен  келіспеушілік, түсінбеушілік болмады ма?

– Үлкен қызымның жасы 15-ке келді. Орамал тағу өзінің таңдауы болды. Ораза кезінде ауызашарға барды. Сол жерде өзімен қатарлас, кіші қыздардың орамалда екенін көріп келді де, орамал таққысы келетінін айтты. Бастапқыда мен сасқалақтап қалдым. Бір жағынан, әрине, қуандым. Екіншіден, мектепте қалай болады, туған-туыс не дейді сияқты ой туындады. Сосын өзімді жинап, қызыма орамалмен бірге сынақтың да болатынын, қоғамда ертең әртүрлі пікір айтылатынын, туған-туыс, мектептегі ұстаздарының да наразылық білдіру мүмкіндігін түсіндіріп, соңында “қызым, орамал ойыншық емес, тақсаң, қайта шешпейсің” дедім. Қызым өзінің шешіміне сенімді екенін айтты. Осылайша таға бастады. Бұрын өзі оқыған мектепте, әрине, қарсылық болды. Орамалмен мемлекеттік мектепте оқуға болмайды, рұқсат жоқ деді. Әкесі ол мектептен шығарып алып, жеке мектепке ауыстырды. Қазір ешқандай мәселе жоқ. Орамалмен сабағына барып, білімін алып жүр. Үздік оқушы, мектепте балалар арасындағы президент. Орамал оның оқуы мен үлгеріміне, дамуына еш кедергісін келтіріп жатқан жоқ.

 Қыз баланың неше жаста тұрмыс құрғанын қолдайсыз? Бұл тақырыпта қызыңызбен ашық сөйлесесіз бе ?

– Мен 18 жасымда тұрмысқа шықтым. Қызым қазір 15-ке келіп жатыр. Мынадай жаста тұрмысқа шығу керексің деп айтпаймын. Бірақ қыздарыма “бұл үйде сендер қонақсыңдар, ертең өз үйлеріңе кетесіңдер” деп тәрбиелеймін. Кішкентайынан солай айтамын. Теңдерін тауып жатса, ертерек тұрмысқа шыққаны жақсы деп ойлаймын. Бұйырғаны болады.

– Сіздің отбасында балалармен талқыланбайтын, “ұят” саналатын “жабық” тақырыптар бар ма? Ол қандай тақырыптар?

– Жас ерекшеліктеріне байланысты. Әр жастың өзіне сай тақырыптары болады. Екі жасар балаға ауқымды тақырыпты айта алмайсың, ал 13-жасар балаға ол тақырыпты айтпасаң, ғаламтордан қарап, ақпараттардың арасында шатасып кетуі мүмкін. Қазіргі жасөспірімдердің көзі ашық, бәрін біледі. Үлкен қыздарыммен ашық сөйлесіп, сырласуға, бәрін көркем жеткізуге тырысамын.

– Өзіңізді өнерден бөлек адам ретінде елестете аласыз ба? Болашақта отағасы сахнаға шығуға қарсылық танытса, үйде отыруға келісесіз бе?

– Мен өнерді жақсы көремін. Жақсы көргендіктен шығар, жүкті болсам да, бөпем кішкентай болса да, айлап гастрольде жүре беремін. Әрине, шаршау, ауыру, қиналу болады. Бірақ сахнаға шыққанда мен бәрін ұмытамын, керісінше ләззат алам, демаламын. “Сахнаны таста, сахнадан кет” деген сөздер маған өте қатты ауыр тиеді. Отағасы да “бұл дұрыс емес, мүмкін, сахнадан кетесің” деп айта бастаған кезде мен жылап қаламын. Яғни әзірге мен бұл тақырыпқа толық дайын емеспін. Бәлкім, болашақта Алланың қалауымен өнерден алыстайтын шығармын.

– Көп кезде қазақ қыздары тұрмыс құрған соң өздерін тек отбасына арнайды. Келін десе, “орамал, халат пен асүй” елестейді. Осы тұрғыдан сөз соңында өз кеңесіңізді тәжірбиеңізді сіңілдеріңізге айта өтсеңіз...

– Иә, ол рас. Ол біздің салт-дәстүрімізге сіңіп кеткен ғой. Менің түсінгенім, сен өзіңді жақсы көргенде, өзгелер де жақсы көреді. Өз қалауларыңды дұрыс айта білген кезде сен өсесің. Ол қалай? Әр келін орамал, халатпен асүйден шықпай, жүре берсе шаршайды. Таңнан кешке дейін үйдің тірлігімен жүре берген, кухняда әртүрлі тамақ пісіруді ұнататын да келіншектер бар. Оның бәрі жақсы ғой. Бірақ бір өтініш, кешке әдемі көйлегіңізді киіп, жуынып, әдемі әтірлеріңді сеуіп, күйеулеріңізді жұмыстан солай әп-әдемі болып қарсы алыңыздаршы. Ол тек күйеуіңіздің емес, өзіңіздің де көңіл күйіңізді көтереді. Алқа-салқа жүре беретін болсаңыздар, қылықтарыңызды, нәзіктіктеріңізді, әдемілігіңізді жоғалтып аласыз. Ал сіз қандайсыз, ертең қызыңыз да тура сондай болады. Сондықтан балаңыздың өмірде қандай болғанын қаласаңыз, өзіңізді тура солай тәрбиелеңіз. Балалар сіздің сөзіңізден емес, іс-әрекеттеріңіз бен өзіңізден сабақ алатынын ұмытпаңыз.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан: Жанар Тайырқызы

Талқылау