Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық анасының қазасынан мұрадан бас тартқан: Кейін ойынан айнып, бауырымен мүлік үшін соттасты

Шымкент сот мұра
Фото: magnific.com

Шымкент тұрғыны анасы қайтыс болғаннан кейін мұрадағы өз үлесін қайтару үшін сотқа жүгінді. Ол ағасының пайдасына мұрадан еріксіз, психологиялық қысымнан бас тартқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Соттың мәліметінше, анасы қайтыс болғаннан кейін ер адам мұрадағы өз үлесінен бас тартып, оны бауырларының бірінің пайдасына рәсімдеген. Алайда кейін ол бұл шешімге қарсы шығып, туыстары мен нотариусқа қатысты сотқа талап-арыз берді. Ол мұрадан бас тарту туралы өтінішті жарамсыз деп тануды және өзінің мұрагерлік құқықтарын қалпына келтіруді сұрады.

Талапкер шешімді асығыс қабылдағанын және психологиялық қысымға ұшырағанын айтты.

Бірақ жауапкерлер талапты мойындамады. Нәтижесінде Шымкент қаласының ауданаралық азаматтық істер жөніндегі соты ер адамның талабын қанағаттандырудан бас тартты.

Іс апелляциялық сатыда қаралған кезде ағайындылар өзара келісімге келді. Тараптар сот медиациясы тәртібімен келісім жасап, татуласты.

Келісімге сәйкес, талапкер өз талап-арызынан бас тартты, ал бауырларының бірі сыйға тарту шарты арқылы оған мұраға қалған мүліктің бір бөлігін – Шымкенттегі пәтерді беретін болды.

Осылайша, тұрғын үйдің бірі екінші бауырдың меншігінде қалады, ал пәтер талапкердің иелігіне өтеді. Сонымен қатар тараптар үйдің иесі жылжымайтын мүлікті өзге бауырларының келісімінсіз сата алмайды деп уағдаласты.

Сот медиативтік келісімді бекітіп, іс бойынша өндірісті тоқтатты.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 16 Маусым, 2026 08:27