Қостанай облысында 6 жастағы бала мен атасының денесі өзеннен іздестіріліп жатыр

Қостанай облысында Тобыл өзеніне батып кеткен алты жасар бала мен атасының денесін іздеп жатыр. Іздеу жұмыстарының жүргізіліп жатқанына екі тәулік болды. Екеуі де суға батып кетіп, қайтадан су бетіне шықпаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қайғылы оқиға Алтын дала ауылында туыстарының көз алдында болған. Отбасы Тобыл өзенінің жағасында демалып жатқан. Балалар судың жиегінде ойнап жүрген. Бір сәтте алты жасар баланы су тереңіне тартып әкетіп, бата бастаған. Оны құтқармақ болған 59 жастағы атасы да суға түскен.
“Қатты ағысқа қарамастан ер адам балаға дейін жүзіп жетті. Алайда содан кейін екеуі де су астына кетіп, қайта су бетіне шықпады”, – дейді туыстары.
ОқыңызҚазір құтқарушылар, волонтерлер және сүңгуірлер өзен жағалауы мен арнасын толық тексеріп, іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал ТЖД өкілдері арнайы дайындықтан өтпеген еріктілерге өз бетімен құтқармау керегін ескертті.
“Іздеу-құтқару жұмыстарына шамамен 40 адамнан тұратын жеке құрам, 13 техника бірлігі, екі жүзу құралы және бір ұшқышсыз ұшу аппараты тартылған. Іздеу жұмыстары басталғалы бері су айдынының 32 мың шаршы метрі тексерілді. Үш сүңгуір тобы жұмыс істеп жатыр. Қазір іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр”, – дейді Қостанай облысы ТЖД апаттарды жою басқармасының инженері Аружан Ахметжанова.
Қазақстандық түрмелерде сотталғандар енді отбасымен видеотаксофон арқылы сөйлесе алады