Маңғыстауға шегіртке қаптады: Өңірде мыңдаған гектар алқапты химиялық өңдеу жұмыстары басталды

Маңғыстау облысында шегіртке көбейіп, тұрғындардың алаңдаушылығын туғызды. Әлеуметтік желілерде зиянкестің қаптағаны туралы хабарламалар тарағаннан кейін мамандар өңірде шегірткеге қарсы ауқымды күрес басталғанын хабарлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жергілікті Instagram-парақшаларында өңір тұрғындары шегірткенің көбейіп кеткеніне алаңдаушылық білдіруде. Олардың айтуынша, зиянкес ауыл шаруашылығына айтарлықтай залал келтіруде.
Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Жолдас Сағынғали биыл өңір аумағында шегіртке зиянкестерінің таралу деректері тіркелгенін айтты. Оның сөзінше, бұған жиі жауын-шашын мен қолайлы ауа райы жағдайлары әсер еткен.
“Осыған байланысты облыстық аумақтық инспекция мамандары әдістемелік орталық өкілдерімен бірлесіп, тұрақты негізде мониторинг және тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жүргізіліп жатқан жұмыстар барысында зиянкестердің таралу ошақтары мен экономикалық зияндылық деңгейі шекті мөлшерден асқан аумақтар анықталуда. Географиялық координаттары көрсетілген материалдар қажетті шаралар қабылдау үшін жергілікті атқарушы органдар мен қызмет көрсетуші ұйымдарға жолданады. Ал химиялық өңдеу жұмыстарын мердігер ұйым – "Магтоксин" ЖШС жүргізуде”, – деді Сағынғали.
ОқыңызВедомство мәліметінше, шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жүргізудің бекітілген жоспары аясында 11,1 мың гектар жер қамтылады. Оның ішінде Бейнеу ауданында 9,1 мың гектар, Маңғыстау ауданында 2 мың гектар. Қазіргі уақытта Бейнеу ауданында 4,3 мың гектар жер өңделген.
Зиянкестердің санын азайту және олардың әрі қарай таралуына жол бермеу мақсатында ертең Тұщықұдық ауылдық округінің аумағында да осындай химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі.
"Дипломынан айырылғалы отыр": Алматыда әскерге күштеп әкеткен студенттің анасы президенттен араша сұрады