Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жосықсыз құрылыс салушылардың "қара тізімі" жасалады

құрылыс компания қара тізім
Фото: pixabay.com

Қазақстанда тұрғын үй нарығына қатысты жаңа талап енгізіледі. 1 шілдеден бастап заңсыз құрылыс жүргізген немесе алаяқтық үшін сотталған компаниялар арнайы "қара тізімге" енгізіліп, үш жыл бойы тұрғын үй құрылысына қаржы тарта алмайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Krisha.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Жаңа ережелерді Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бекітті. Тізілім тұрғын үй құрылысы кезінде өрескел заң бұзушылықтарға жол берген құрылыс компаниялары туралы бірыңғай электронды база болады. Оны құрылыс нысаны орналасқан жердегі жергілікті әкімдіктер жүргізеді.

Тізімге енген компаниялар үшін ең басты шектеу – 3 жыл бойы тұрғын үй құрылысына жеке және заңды тұлғалардың қаражатын тартуға тыйым салынады. Яғни олар үлескерлердің қаржысын пайдалана алмайды.

Құрылыс салушыны тізімге енгізудің екі негізі қарастырылған:

  • Біріншісі – өз бетінше салынған көппәтерлі немесе жеке тұрғын үйді бұзу туралы заңды күшіне енген сот шешімі.
  • Екіншісі – алаяқтық фактісі бойынша шығарылған заңды күшіне енген сот үкімі немесе сот шешімі.

Растайтын құжаттарды алғаннан кейін әкімдік құрылыс салушыны тізілімге енгізіп, бұл туралы үш жұмыс күні ішінде хабарлауға міндетті.

Тізім ашық әрі баршаға қолжетімді болады. Құрылыс компаниясы туралы мәліметтерді Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының интернет-ресурсы арқылы тексеруге болады. Базада компанияның атауы, БСН-і, заңды мекенжайы, басшылары мен құрылтайшылары туралы ақпарат, тұрғын үй кешені жөніндегі деректер, тізімге енгізілу себебі және тіркелген күні жарияланады. Алайда жеке деректер мен коммерциялық құпияны құрайтын мәліметтер жария етілмейді.

Компанияны тізілімнен шығару үш жылдық шектеу мерзімі аяқталғаннан кейін, тізімге енгізуге негіз болған сот актісі күшін жойған жағдайда немесе компанияны тізілімге енгізудің заңсыз екенін сот таныған кезде мүмкін болады. Мұндай жағдайларда әкімдік қажетті құжаттарды алған соң үш жұмыс күні ішінде жазбаны өшіруге міндетті.

Stan.kz
Сейсенбі, 16 Маусым, 2026 11:25