Ақмола облысында жоғары сынып оқушылары 10 жасар оқушыға зорлық-зомбылық көрсетті деген күдікке ілінді
Әлеуметтік желілерде Ақмола облысындағы Нұр-Сұлтан маңындағы ауылдардың бірінде он жасар оқушыға жоғары сынып оқушыларының зорлық-зомбылық көрсеткені туралы видео таратылуда. Полиция департаменті қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Полицияға, шынында да, WhatsApp мессенджерінде елорда маңындағы елді мекендердің бірінде тұратын 2012 жылы туған кәмелетке толмаған оқушыға қатысты сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасалған бейнежазбаның таратылғаны жөнінде ақпарат келіп түсті. Аталған факті бойынша қылмыстық кодекстің 121-бабының 4-бөлігі “жас балаға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері” бойынша қылмыстық іс дереу басталып, тергелуде", – деп хабарлады Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полиция тергеу жүргізіп жатыр. Іс бойынша сот сараптамалары тағайындалды, деп толықтырды полиция.
"Кәмелетке толмағандардан жауап алу заңды өкілдердің, педагогтардың, психологтардың және адвокаттардың қатысуымен жүргізіледі", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Қазақстан Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жария етілмейді.
Еске салсақ, бұған дейін 12 мамырда құқық қорғаушы Дина Таңсәрі Алматыдағы жекеменшік мектептердің бірінде бірінші сынып оқушысының зорланғаны туралы айтқан болатын. 7-сыныптың үш оқушысы жабылып, бірнеше рет мектептің дәретханасында зорлаған. Баланың әкесі мұғалім мәжбүрлі түрде баланы сыртқа шығарғанын алға тартты. Алайда мектеп мұғалімі баланың өзін айыптап отыр.
Әкесінің айтуынша, 1-сыныпта оқитын кенжесіне 7-сыныптың оқушылары күн көрсетпеген. Ал осыдан бір ай бұрын ұлы мектептің дәретханасында 12 мәрте зорланғанын айтқанда, төбе шашы тік тұрыпты.