Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қараңғы қапасқа қамап, шығармай қойған": Нұр-Сұлтандық әйел қызына қатыгездік танытқан балабақша тәрбиешісіне шағымданды

Нұр-Сұлтандық Айнұр Әбдірахманова мемлекеттік бөбекжайда дене шынықтыру пәнінен беретін тәрбиешінің қызын қараңғы бөлмеге қамап тастап, шығармай қойғанын мәлімдеді. Бұл жағдайға білім басқармасы жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Әйелдің айтуынша, дене шынықтыру сабағынан беретін тәрбиеші баланы спортзалдың қараңғы бөлмесіне мәжбүрлеп қамап тастап, босатпай қойған. Оқиға 3 мамыр күні Қарасай батыр 31/1 мекенжайында орналасқан "Батыр" бөбекжайында болды. 

“Қызым Айлана Әбдірахмановаға қатысты қатыгездік жағдайы орын алды. Қызым есікті қанша қақса да, мектепке дейінгі білім беретін мекеменің мамандары мән бермеген. Топ тәрбиешісінің бұл жағдайдан мүлде хабары жоқ болып шықты. Нәтижесінде бала қорқыныштан жылап, қатты есеңгіреп қалды. Мен жұмыста болғанмын. Болған жағдайды қызымды алып кетуге барған сіңілімнен білдім. Айтуынша, қызым қорқыныш пен жылағаннан көзі ісініп, әлсізденіп қалған, еңсесі түскен”, – дейді әйел. 



Айнұр Әбдірахманова сондай-ақ топтың тәрбиешісі әдіскерлер мен жұмысшыларға немесе күзетшілерге хабар бермегенін айтады. 

“Бірден жұмыстан шығып, балабақшаға бардым. Қоңырауыма меңгеруші де, топ мұғалімі де жауап бермеді. Орындарында жоқ, кетіп қалған. Балам невропатологта есепте тұрады. Ауыр босанудан кейін Қазақстанның үздік мамандарының көмегімен ұзық мерзім емделді және көптеген жылдар бойы оңалтудан өтті. Ақыл-ойында ауытқулары жоқ. Жалпы, қыз ашық, ақкөңіл. Бірақ негативке сезімталдықпен қарайды. Оқиғадан кейін бала психологиялық жарақат алып, түні бойы жылап, айқайлап шықты”, – дейді ол. 

Айтуынша, баланың диагнозы туралы мекеменің медицина қызметкерлері мен тәрбиешілеріне ресми түрде ескертілген көрінеді. 

“Мен тиісті органдардан баланың құқығын қорғауға көмектесуін және түсініктеме беруін сұраймын. Осы жыл бала жылы деп жарияланды. Ал бізде 4 жастағы баланы мемлекеттік балабақшада осындай күйге дейін жеткізіп отыр. Дене шынықтырудан беретін тәрбиешінің не себепті балаға бұлай істегені беймәлім. Мемлекеттік балабақшаға қандай құзыретті органдар жетекшілік етеді? Дене шынықтыру пәні мұғалімімінің аты-жөнін айтпай отыр. Камералар бар, бірақ олар тек ішкі пайдалануға арналған. Ата-аналарды ғимаратқа кіргізбейді, ештеңе түсіндірмейді. Көптеген мәселелер, жемқорлық сипатындағы мәселелер де бар деп ойлаймын”, – деп жазды ол Facebook желісінде. 

Бұл жағдайға қатысты Stan.kz ақпарат агенттігіне Нұр-Сұлтан білім басқармасы түсінік берді. 

“Ата-ананың өтінішінен кейін білім басқармасының қызметкерлері тексеру жүргізді. Бейнебақылау камераларынан бейнежазбаны қарау кезінде дене шынықтыру сабағынан беретін тәрбиешінің дөрекі іске бару фактісі расталды. Нұсқаушының мұндай әдепсіз әрекетке жол бергені үшін дене шынықтыру тәрбиешісі, топ тәрбиешісі және балабақша меңгерушісінің міндетін атқарушы ҚР ЕК-нің 52-бабына сәйкес жұмыстан шығарылды”, – делінген хабарламада. 

Талқылау