Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ағалар тоқалдары жеңуі үшін ақша береді": Италиядағы сұлулық конкурсында жеңіске жеткен танымал спортшы "Мисс Қазақстан" байқауы туралы

Қазақстанның ең тартымды спортшыларының бірі, белгілі дзюдошы Әйгерім Әбілқадырова "Мисс Қазақстан-2021" сұлулық байқауы ұйымдастырушыларымен арада туындаған жанжал туралы айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Ару “Мисс Спорт-2021” номинациясынан жеңгендіктен республикалық сұлулық байқауына қатысуы керек болған. Алайда оны конкурстан себепсіз шығарып жіберген.  

"Мені байқаудан әділетсіз шығарып тастады. Сондай-ақ олар мені "Мисс Спорт" атағынан айырғысы келді. Мен ол номинацияны қазылар алқасының көмегімен емес, азаматтарымыздың жалпы дауыс беру нәтижесінде жеңіп алғанмын. Бірақ әдеттегідей, жемқорлық бәрін жеңді. Сөйтіп мені осы (сатып алынған) конкурстан алып тастады", - деп жазды спортшы Instagram парақшасында. 

Айтуынша, байқау жетекшілерінің бірі қатысушылардың ортақ чатында оның сайыстан шығарылатынын жазған. “Олар менің моральдық жағдайым "Мисс Қазақстан" байқауының қатысушысына сай келмейтінін мәлімдеді” дейді ару.

"Мені "PlayBoy" журналына сұхбат беріп, суретке түскенім үшін байқаудан шығарып жіберген. Алайда, ол жерде ешқандай азғындық пен жаман дүниелер болған жоқ. "PlayBoy" деген атаудың өзі байқау қатысушысына сәйкес келмейді екен. Ал егер менің жалаңаш суреттерім басқа журналда жарияланса мұны қалыпты дүние ретінде қабылдайтын еді", — дейді қазақстандық спортшы.

Бұдан басқа, Әйгерім Әбілқадырова спортта да сыбайлас жемқорлық құрбаны болғанын атап өтті.



"Мен бұрын да бұл байқаудың жемқорлыққа құрылатынын естігенмін. Бірақ осы жолы өзім оған көз жеткіздім. Бұнымен қоса конкурс туралы да көп нәрсе білдім. Мысалы, ағалар конкурсты өздерінің тоқалдары жеңіп алуы үшін ақша төлейді", - деді ол.

Айта кетсек, Әйгерім Әбілқадырова Италияда өткен халықаралық "Miss Europe Continental-2022" байқауының жеңімпазы атанған болатын. Әлемнің 60 мемлекетінен қатысқан сұлулық сайысы Италияның Неаполь қаласында өтті. 

 

Әйгерім Әбілқадырова 1996 жылы елордада дүниеге келген. Дзюдодан қыздар арасында Қазақстанның 10 дүркін жеңімпазы, Азия чемпионы және грэпплинг тарихында 1-ші және жалғыз Әлем чемпионы.

Талқылау