Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тегін білім алдым, жұмысқа бірден қабылдандым": Медициналық колледж түлегі оқу орнында не үйренгенін айтты

Карима Суйнулла – медициналық колледждің 2021 жылғы түлегі. Бүгінде Алматы облысы Қарасай аудандық перзентханасының Босану бөлімінде акушер маманы болып қызмет етеді. Жас та болса кәсіби білікті мамандармен бірге иық тіресе жүріп еңбек етіп жүрген Карима Жұмағалиқызы өз қызметінің қыр-сыры туралы Stan.kz тілшісіне айтып берді. 

Карима Суйнулла білім алған медициналық колледж ең алғаш рет 1997 жылы Қарасай аудандық ауруханасының базасында ашылып өз жұмысын бастаған-ды. 2000 жылдан бері жекеменшік оқу орны ретінде өз жұмысын жүйелі түрде жалғастырып келе жатқан білім ордасы “Емдеу ісі”, “Мейірбиек ісі”, “Фармация”, “Стоматология” сынды мамандықтар бойынша талапкерлер қабылдауға дайын.

"Ең алғаш колледж табалдырығын аттап, оқу орны туралы толық мағлұмат алдық. Сол сәтте-ақ, мен өз болашағымды осы колледжбен байланыстырдым. Осы оқу орнына түсуге шешім қабылдадым. Шекті балл 25 болды. Тынымсыз дайындықтың арқасында жеткілікті балл жинап, медициналық колледждің студенті атандым, – дейді Карима Жұмағалиқызы. 

Осы бір шешімінің өміріндегі ең бір маңызды әрі дұрыс шешім болғандығын тілге тиек етті кейіпкеріміз.

Медицина саласын таңдауының себебін Карима былайша түсіндіреді. 

"Денсаулық сақтау саласына бет бұруымның сыры отбасымда алған тәлім-тәрбиеге тікелей байланысты. Ойлап қарасам, "Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің" деген сөз текке айтылмаған тәрізді. Мен кішкентайымнан дәрігерлердің елге тигізер пайдасының ұшан-теңіз екенін санама тоқып өстім. Себебі, ата-анам осы салада қаншама жылдан бері  еңбек етіп келеді. Әкем – педиатр болса, анам провизор болып қызмет етеді. Ағам да ата-анасының жолын қуып, медицина саласы бойынша жоғары білім алды. Қазіргі таңда стоматолог болып қызмет атқарады. Нағашыларым да осы саланың кәсіби білікті мамандары. Нағашы ағам мен әпкем гинеколог ретінде еселі еңбек етіп, саланың дамуына елеулі үлес қосып жүр.  Осы тұста акушер маманы атануыма нағашы әжем – Спакүл Дилбарханқызының ұйытқы болғанын атап өтсем артық болмас. Себебі медицина саласында дәл осы мамандықты таңдауыма өзінің кеңесін беріп, жол сілтеді", – дейді жас маман. 

Медицина қызметкерінің сөзіне сенсек, студент шағында ең негізгі пән анатомия болыпты. Бұл пәнді оқу арқылы студенттер адам құрылысын зерттеп қана қоймай, сонымен қатар тарихи даму кезіндегі адам ағзасының қалыптасу үрдісіне де үңіле түседі, дейді ол. 

"Колледж қабырғасында оқып жүрген кезде мамандығымызға қатысты пән болғандықтан анатомияға айрықша ден қойдық. Өйткені анатомия – медицинаның түп-тамыры. Сондықтан болса керек, бұл пәнге қойылар талап та зор болды. Пән мұғалімі – Ілиясов Бердіхан ағайымыз да нағыз талапшыл ұстаздардың бірі-тін. Күрделі пән болғандықтан мүлт кетіп жататын кездеріміз де болды. Бір оқығаннан ұғына қоймайтын тақырыптар да кезікті. Бұл пән сөзсіз қиын болды. Қиындығынан да бір сабақ алдық десек болады. Анатомия бізді дәріске атүсті қарамауды, кез келген тақырыпты асықпай, байыппен оқып, саралауды үйретті", – дейді колледж түлегі Карима. 

Ал жоғары курста түрлі пәндер қосылып, кәсіби білікті маман ретінде шыңдалуына жол ашылыпты.

"Әр курс сайын біліміміз тереңдей түсті. Мен өз замандастарыма, яғни мектеп бітіруші түлектерге ең бастысы өзіне ұнаған мамандықты таңдауына кеңес берер едім. Себебі өз мамандығын жүрек қалауымен ұнатқан адам алдында кездесетін қандай қиындыққа да мойымайды. 

Медициналық колледжде оқып, маман атану – адам саулығын сақтауға бастаған жол дер едім. Бізде кейбір мамандықтарға сұраныс жоғары екені айтылып жатады. Осы тұста мен медициналық колледжде оқу қашан да сұраныста екенін баса айтқым келеді. Себебі, әрбір адам үшін денсаулықтан қымбат байлық жоқ. Денсаулықты сақтау қай кезде де маңызды. Сондықтан да, медицина мамандығын таңдаған түлектер ешқашан да жұмыссыз қалмайтынына сенімдімін", – дейді жас маман. 

Медицина өзге салаға қарағанда адам өмірімен тығыз байланысты болғандықтан жүгі ауыр екенін баса айтады жас маман. 

"Студенттік өмірдің қызығы да шыжығы да қатар жүретіні бәріне аян ғой. Шыны керек сабақ оқуға, білмегенімді үйренуге барымды салдым. Жоғарыда атап өткенімдей, анатомия ең бір күрделі пәннің бірі болды. Білімімізді әрбір екі апта сайын тест тапсыру арқылы дәлелдеп отыратынбыз. Тест тапсырмасында 100-150 сұрақ қойылатын. Дайындығым төмен болды ма жоқ әлде қобалжу басым болды ма бір жолы теттен 65 балл жинап қалдым. Бұл 3 деген баға еді. Ағайымнан ғана емес, шынымды айтсам өз-өзімнен ұялдым осы сәтте. Қатты ыңғайсызданғаным соншалықты, ағайыма барып, бүкіл топтың алдында келесі сынақтан 100 балл аламын деп уәде бердім. Сол үдеден шығуға бар күш-жігерімді жұмсадым. Сынақ сәтінде өзім айтқан тұп-тура 100 баллды жинап, жоғары межеден көріндім. Өте қатты қуанғаным әлі күнге дейін есімде. Ағайым да маған дән риза болды. Осылайша біз талпынсақ, кез-келген биік шыңды бағындыра алатынымызға көз жеткіздім", – деп студенттік шақтағы естелігімен бөлісті Карима.

Қазірде білікті маман ретінде медициналық мекемеде қызмет етіп жүрген ол, ең бірінші кезекте адамдардың өзіне артқан сенімін ақтау өте маңызды дейді. Осы салада акушер маман ретінде жүкті әйелдердің толғатқаннан бастап, дүниеге бала әкелгенге дейін жанында болу екі есе жауапкершілік жүктейтінін жас маман жете түсінеді. Себебі оның әрбір атқарған әрекеті адамның өмірін сақтап қалумен тікелей байланысып жатыр. Карима өзінің өрімдей қыз болғанына қарамастан, әрбір болашақ ананың байыбынан шығуға бар күш-жігерін жұмсап келеді. 

"Менің жұмысым ең бірінші перзентхананың Босану бөліміне түскен пациенттермен танысудан басталады. Сонымен қатар, денсаулығы туралы пациенттің өзінен толығырақ сұралады. Одан кейінгі кезекте кардиотокография аппаратына түсіріп, жатырдағы баланың жүрек соғысын бақылаймыз. Сондай-ақ, толғақ жиілігі де назарда ұстаймыз. Бақылау 20 минутқа дейін жалғасады.Осы аралықта жүрек соғысына қарай баланың жағдайы, қалпы белгілі болады. Одан кейін дәрігердің науқасты қарау уақытында берген кеңесі бойынша жұмысымды жалғастырамын. Толғақ кезінде әрбір әйелдің жағдайын жіті бақылай отырып, олардың қалай дұрыс дем алу қажеттігін көрсетемін", – дейді акушер Карима Жұмағалиқызы. 

Тәжірибелі мамандармен бірге еңбек ететін Карима Жұмағалиқызы келешекте өз саласының кәсіби білікті маманы атанарына сенеді 

 

STAN.KZ
Сәрсенбі, 20 Сәуір, 2022 11:13
Талқылау