Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы қанды оқиға: ЦентрКредит Банкі мәлімдеме жасады

ЦентрКредит банкі Алматыда 5 адамның өліміне әкелген қайғылы оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

“ЦентрКредит Банкі" АҚ "Ақбұлақ" ауданында болған қайғылы оқиғаға байланысты қаза тапқан азаматтардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Қайғылы жағдай бізді де есеңгіретті. Барлық жағдай тек құқықтық заң аясында шешілуі керек деп сенеміз", – делінген хабарламада.

ЦентрКредит банкі оқиғаның қалай басталғаны туралы мәлімдеп, істің мән-жайымен бөлісті. 

2011 жылғы шілдеде "Нано Плюс" ЖШС-ның қарыз алушысына негізгі борыш пен пайыздарсыз төлемді 6 айға кейінге қалдыра отырып, жалпы сомасы 102 000 000 теңгеге екі қарыз берілген. 

Міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету үшін кепіл келісімшарты бекітілді. Кепіл ретінде тұрғын үй емес орын-жай, жер учаскесі, сондай-ақ Алматы қаласы Алатау ауданы "Ақбұлақ" шағын ауданындағы Сыздықов көшесі, 29 үй мекенжайы бойынша орналасқан тұрғын үй қабылдады. 

2012 жылғы наурызда қарыз алушыға негізгі борышты және сыйақыны өтеуі үшін қосымша үш ай уақыт берілді. 2012 жылғы 20 тамыздан бастап қарыз алушы міндеттемелерін іс жүзінде орындамай, мерзімін өткізіп алды. 

2013 жылы сәуірде қарыз алушы мен кепілгерлердің шарттар бойынша көзделген міндеттемелерін орындамауына байланысты берешекті сот тәртібімен өндіріп алу туралы шешім қабылданды. Осы сәттен бастап банк қарыз бойынша пайыздарды есептеуді тоқтатты.

Осылайша банк қарыз алушы мен кепілгерлерден берешекті өндіріп алу үшін Алматы қаласы Алмалы ауданының №2 аудандық сотына талап арыз түсірді. 

"Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы" заңның 74-бабы 2-тармағына сәйкес: "Кепілгер кепілде тұрған мүлікті нарықтағы бағамен өздігінен сатуға құқылы, борышкер сот орындаушысы мүлікке тыйым салып, бағалау жүргізгеннен кейін және мүлік алып қойылғанға немесе өткізілгенге дейін сот орындаушысының жазбаша рұқсатымен және ол белгілеген мерзімде тыйым салынған мүлікті бағалау құнынан төмен болмайтын құн бойынша өткізуге құқылы".

"Алайда қарыз алушы да, кепілгер де бұл құқықты пайдаланған жоқ", – деді банктегілер.

"Атқарушылық өндіріс туралы" заңның 80-бабы 3-тармағына сәйкес: "Электронды аукцион борышкердің мүлкін өткізуге беру туралы қаулыда көрсетілген бағалау құнынан белгіленген қадаммен мүліктің құнын көтерумен басталады.

Егер электронды аукционға қатысушылардың ешбірі сауда-саттықтың алдын ала белгіленген қадамын қолдай отырып, мүліктің құнын арттырмаған жағдайда, электронды аукцион құнды төмендетуге ауысумен жалғасады.

Бұл ретте, өткізілетін мүліктің бастапқы бағасы қатысушылардың бірі жарияланған баға бойынша мүлікті сатып алуға келіскен кезге дейін белгіленген қадаммен төмендетіледі, бұл баға электронды аукционға қойылған мүлік құнының бастапқы бағасының елу пайызынан төмен болмауға тиіс".

2018 жылдың қаңтар айында Алатау аудандық сотының сырттай шешімімен кепіл берушіге тиесілі тұрғын үй түріндегі кепілге салынған мүлік өндіріп алынды. 

2018 жылғы тамызда тұрғын үй түріндегі кепіл мүлкі бойынша электрондық сот сауда-саттығы өткізілді. Электрондық аукцион қорытындылары туралы хаттамаға сәйкес, Н. Тұрғанов оның жеңімпазы болды.  2018 жылғы 23 тамызда жеке сот орындаушысы мен Н.Тұрғанов арасында сатып алу-сату шарты жасалды.

2018 жылдың желтоқсан айында Алматы Алатау аудандық сотының ұйғарымымен соттың тұрғын үй түріндегі кепіл мүлкін өндіріп алуға жүгіну туралы сырттай шешімінің күші жойылды. 

2019 жылы қарашада Алматы қалалық соты апелляциялық сот алқасының қаулысы шықты. Оған сәйкес, тұрғын үй түріндегі кепілдегі мүлікті өндіріп алу туралы банктің талап-арызы қанағаттандырылды. Бастапқы сату құны 29 417 000 теңге болатын .

2020 жылы шілдеде шыққан Жоғарғы сот азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысы бойынша Демирчян А.П. мен Дужнов И.И өтініші қанағаттандырылмады. Олар 2019 жылы қарашада шыққан Алматы қалалық соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысын қайта қарауды сұраған.



Осылайша үй Н.С. Тұрғановтың меншігінде қалды. Ол алғашқы сот сауда-саттығында баспананы сатып алған.

2017 жылғы наурызда банктің кепілінде тұрған басқа тұрғын емес үй-жай қатысты электрондық сот сауда-саттығы жүргізілді. Бірақ әлеуетті сатып алушылардың болмауына байланысты кейінге қалды. 

2017 жылғы сәуірде электрондық сот сауда-саттығы қайтадан өткізілді. Сатып алушылардың болмауына байланысты мүлік аукцион шеңберіндегі бағадан төмендетіліп, 96 008 120 теңге сомасымен банктің меншігіне өтті. Банк пен ЖСО арасында тұрғын емес үй-жайды сатып алу-сату шарты жасалды.

Ұзақ уақыт бойы банк тұрғын емес үй-жайдың меншік құқығын ала алмады. Өйткені бұрынғы меншік иесі ол жерге орналастыру жобасы бойынша жұмыстарды жүргізу және техникалық паспорт дайындау үшін жер комитеті мен банк қызметкерлеріне рұқсат бермеген. 

Іс жүзінде банк меншік құқығын 2021 жылдың мамырында тіркепті. Тиісінше, 2017 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін банк тұрғын емес мүлікке меншік етпейді және 2021 жылғы шілдеде Алматы қаласы Бостандық аудандық сотына тұрғын емес үй-жайды жер учаскесімен пайдаланудағы кедергілерді жоюға мәжбүрлеу туралы талап-арыз берген.

"Банк осы оқиғада қаза тапқан қазақстандықтардың туған-туыстары мен жақындарына тағы да қайғырып көңіл айтады. Біз осы оқиғаны тергеуге белсенді қатысамыз, іс бойынша барлық қажетті құжатты ұсынамыз және зардап шеккендердің туыстарына жан-жақты көмек көрсетеміз", - деп түйіндеді баспасөз қызметі өкілдері.

Естеріңізге сала кетейік, 20 қыркүйек күні Алматының Алатау ауданындағы Ақбұлақ ықшам ауданында бес адамның өлтірілгені туралы белгілі болған. Ресми деректерге сүйенсек, сот шешімін орындаушылар екі адамның меншік құқығына қатысты дауға байланысты күдіктінің үйіне келген. Сот шешімін естіген азамат үйінен  қару алып шығып, сот орындаушысына, учаскелік полиция инспекторларына және аулада болған басқа адамдарға қарудан оқ жаудырды. Нәтижесінде бес адам көз жұмған. Оның ішінде үйдің жаңа иесі мен тағы бір тұрғын бар.

Үйде әйелдер мен балалар болғандықтан күдіктіні арнайы жасақ қару қолданбай қолға түсірді

"Кісі өлтіру" және "Билік өкіліне шабуыл жасау" баптары бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. 1967 жылы туған ер азамат 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Талқылау