Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Коронавирустың жаңа штамдары вакцинадан пайда болады": Ақпаратқа түсініктеме берілді

Қазақстандықтар коронавирустың жаңа штамдары вакцинадан кейін пайда болды деген ақпарат таратып жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Stopfake.kz сайтына сілтеме жасап.

вакцина

Порталдың ақпаратынша, бүгінгі таңда коронавирусқа қарсы вакциналау SARS-CoV-2 жаңа штамдарын тудыруы мүмкін екендігі туралы ешқандай дәлел жоқ. Біріншіден, әзірге ешқандай жаңа штамм пайда болмағанын атап өткен жөн. Альфа, бета, дельта, гамма және басқалары – вирустың түрлері. Түр мен штамм арасындағы айырмашылық – бастапқы патогеннің мутацияға ұшырау деңгейінде. Репликация жылдамдығына, вируленттілікке және басқа да сол сияқты сипаттамаларға әсер ететін шамалы өзгерістер жаңа түрлердің пайда болуына әкеледі. 

SARS-CoV-2 – SARS коронавирусының штамы. Олардың саны екеу: SARS-CoV-1 және SARS-CoV-2. Біріншісі ауыр жіті респираторлық синдром коронавирусын, екіншісі СOVID-19 тудырады.

Коронавирустың жаңа түрлері жаппай вакциналаудан кейін пайда болды деген теория шындыққа жанаспайды. Өйткені альфа, бета, гамма, дельта, эта, йота, каппа және лямбда әлемде жаппай егу науқаны басталғанға дейін табылған.

Қазіргі кезде ең агрессивті саналатын "дельта" Үндістанда былтыр қазан айында анықталды. Ал халықты вакциналау тек 2021 жылдың қаңтарында, яғни үш айдан соң басталды.

Коронавирусқа қарсы вакциналар жаңа штамдардың пайда болуына әкеп соқпайтынын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары да растады. Олар бұл теорияның ешқандай дәлелі жоқ екенін мәлімдеді.

Демек, SARS-CoV-2 жаңа түрлерінің пайда болуына жаппай вакциналау себеп болды деген ақпарат жалған.

Талқылау