Қостанай тұрғындары міндетті вакцинацияға қарсы митингке шықты
Қостанай облысында тұрғындар мен жергілікті кәсіпкерлер бас санитар дәрігердің міндетті вакцинациялау туралы қаулысына қарсы наразылық шарасын өткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Наша газета" басылымына сілтеме жасап.
Сурет: ng.kz сайтынан
Наразы топ міндетті вакцинация мен оған байланысты салынатын айыппұлдан бас тартуды талап етті. Бұған қоса, олар вакцина салдырмағандар үшін тегін ПТР-тесті ұйымдастыру керек деген уәждерін айтты.
"Үкіметтің бұл қаулысы заңсыз әрі менің құқығымды шектейді. Өзім ауылдан келдім. Наразылық шарасы жайлы естіп, келіп отырмын. Мен президентке жүгінгім келеді", – дейді тұрғын.
Бизнес өкілдері вакцина алмаса жұмысқа кіре алмай қалатындарын жеткізді.
- Қазақстанда вакцинация төлқұжатын қалай алуға болады - Нұсқаулық
- Елімізде вакцинаны қандай жағдайда салдырмауға болатыны айтылды
"Біз орталық базарда жұмыс істейміз, егер 15 шілдеге дейін вакцина салғызбасақ, бізді жұмысқа кіргізбейтіндерін айтты. Ал пандемия басталғалы бері несиеден көз ашпаймыз. Енді вакцинаны сылтау етіп, біздің жұмыс орындарымызды тартып алмақшы. Менің екпеге қарсы көрсетілімдерім бар, мен вакцина салғызғым келмейді", – деді наразылық акциясының тағы бір қатысушысы.
Митингке келгендердің талабын Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметов пен оның орынбасары Саят Шаймұрынов тыңдады.
"Біз сіздердің басшыларыңызбен сөйлесеміз. Сіздердің 15 шілдеде жұмысқа кіргізбейді деген жалған ақпарат. Вакцинациядан сауда, ойын-сауық орталықтары, үлкен кәсіпорындар мен супермаркеттер қызметкерлері өтуі керек. Бәлкім, жұмыс беруші тарап сіздерге дұрыс түсіндірмеген шығар. Вакцина – коронавирустан сақтанудың жалғыз амалы екенін айтқым келеді", – деді Ахметов.
Сонымен қатар ол кәсіпкерлерге 15 шілдеден бастап айыппұл салынбайтынын алға тартты.
"Сіздердің қойып отырған талаптарыңызды естідім. Осыған орай 15-нен бастап екпе салғызбаған жұмыскерлер үшін ешбір кәсіпкерге айыппұл салмаймыз. Бірінші кезекте, мәселені анықтаймыз. Қазіргі таңда ауруханаларда тек 1000 адамға орын бар, оның үштен бірі бос емес. Сондықтан түсіндіру шараларын ұйымдастырамыз", – деді қала басшысы.
Жиналғандар айыппұлдарды жоюды, ПТР-ді тегін тексеруді, ерікті түрде вакцинациялауды, сондай-ақ қаладағы нысандарға Ashyq жүйесін қолданбай-ақ кіруді талап етіп, петицияға қол қойды.
Еске салсақ, Бұған дейін Павлодар облысында халықты вакцинацияға қарсы митингке шақырған азамат түрмеге қамалғаны белгілі болған еді.