"Қыс бойы бір бөлмеде отырдық": СҚО-да қоныс аударушыларға арнап салынған үйлердің сапасы сын көтермейді
Оңтүстіктен солтүстікке көшіп барған тұрғындар үйлердің сапасыздығына шағымдануда, хабарлайды Stan.kz ақпарат агеннтігі "Хабар 24" арнасына сілтеме жасап.
Айта кетсек, Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында өңірге қоныс аударушыларға арнап салынған үйлердің жағдайы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырған болатын. Енді бұл іспен президент әкімшілігі айналыспақ.
Түркістан облысы Сарыағаш ауданынан келген көп балалы ана Жазира Рақышева үйдің жайын мұндай болады деп ойламағанын айтады. Сөзінше, қыс бойы алты баласы бар отбасы үй суық болғандықтан ас бөлмесін мекен етеді.
"Қыста өте суық болады. Балаларымызбен бірге бір бөлмеде түнедік. Сонда тамақ та жасаймыз, сабақ та орындаймыз, сонда жатып ұйықтаймыз. Бөлмелер тез суып кетеді, төбеден, еденнен суық соғып тұрады", - дейді Саумакөл ауылының тұрғыны Жазира Рақышева.
Қазір ауыл сыртында салынған үйлерде 36 жанұя тұрады. Қоныстанушылардың барлығы үйдің сапасына шағымдануда. Олардың айтуынша, мұндай үйлерді құрылыстан хабары жоқ адамдар тұрғызған.
"Шатыры жұқа, үйдің төбесінде ағаштың үстіне шыны жүн (стекловата) төсей салған. Онда жөндейін деп шатырға шығайын десең, үйдің төбесі ойылып кететін сияқты. Қыс кетіп, қар ери бастағанда төбеден су ағатын болды", - дейді Саумакөл ауылының тұрғыны Асқар Шотбаев.
Одан бөлек, ауыз су мәселесі тағы бар. Ауылдықтар суды өздері тасуға мәжбүр. Далада жарық та жоқ, дұрыс жол да жоқ. Қоғамдық көлік пен қоқыс жинайтындар ауылға қатынамайды. Жергілікті биліктің айтуынша, үйлер қыста салынған, кемшіліктердің орын алуының да себебі сол. Үй құрылысындағы кем-кетіктер шілде айына дейін жөнделмек, ал су мен жолды жасау жоспарға алыныпты.
"Бізде үш жылдық кепілдеме бар, осы уақытта мердігер 10 үйдің жұмысын бастап кетті, тағы 23 үйді кейінірек қолға алынады. Үйлерге су сол тартылуда, 21 үй қалды, 7 миллион шығады, енді оны жылу магистралінің бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Егіс маусымы аяқталған бойда, KH және ЖШС көмегімен осы уақытта жолды жөндеу басталады, қиыршық тас төселеді", - дейді Айыртау ауданының әкім орынбасары Рифхат Әшімов.
Жергілікті биліктің сөзінше, ауыл тұрғындары күту керек. Айта кетейік, осы уақытқа дейін 200 отбасы солтүстікке көшіп келген, квота бойынша биыл облысқа тағы 700 тұрғын қоныс аудармақ, осылайша көшіп келгендердің саны 2,5 мың адамға жетпек.