Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Синтетикалық есірткі жастарға қалай жетіп жатыр және одан қалай қорғануға болады?

есірткі
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

 

Синтетикалық есірткі бүгінде көшеден емес, смартфонның ар жағынан сатып алу оңайырақ. Сарапшылардың айтуынша, есірткінің қолжетімділігі артқан сайын оған қарсы күрес тәсілдері де өзгеруі қажет. Stan.kz тілшісі жастардың неліктен есірткі тұзағына жиі түсетінін және қазіргі алдын алу мен құқық қорғау шаралары қаншалықты нәтиже беріп жатқанын мамандардың пікірі негізінде саралады.

Есірткіге қарсы күрес қалай жүріп жатыр?

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда 1 тоннадан астам синтетикалық есірткі тәркіленіп, осы қылмыс үшін 5 758 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың 74-і кәмелетке толмағандар. Сонымен қатар 13 заңсыз есірткі зертханасы анықталып, жойылған.

Биыл 1 наурыздағы мәлімет бойынша, елімізде 17,5 мыңнан астам адам есірткіге тәуелді ретінде есепте тұр. Оның ішінде 1 596 әйел мен 40 жасөспірім бар.

Министрлік хабарлауынша, жастар арасында есірткінің алдын алу мақсатында оқу орындарында дәрістер, кездесулер және арнайы акциялар тұрақты өткізіледі. Сонымен қатар интернеттегі есірткі жарнамасы мен сатылымына қарсы “Киберқадағалау” жүйесі жұмыс істейді. Оның көмегімен былтыр есірткіге қатысты 10 мыңнан астам интернет-ресурс бұғатталған.

“Есірткі бизнесін тек қылмыскерлерді ұстаумен тоқтату мүмкін емес”

NarcoStop жобасының жетекшісі Айкерім Қадырқұлованың айтуынша, Қазақстанда есірткінің қолжетімді болуы сұраныс пен ұсыныс заңына тікелей байланысты.

“Адамзат тарихында есірткі заттары әрдайым болған, тек олардың таралу тәсілі мен заңсыз айналымның ауқымы өзгеріп отырған. Егер нашақорлықты ауру ретінде қарастырсақ, оны тұмаумен салыстыруға болады. Медицина дамып, вакцина мен дәрі-дәрмек шыққанына қарамастан, тұмау толық жойылған жоқ. Есірткіге тәуелділік те – созылмалы, қайталанатын ауру. Сондықтан мұндай адамдарға ем, оңалту және психологиялық қолдау қажет”, – деді Айкерім Қадырқұлова.

Оның айтуынша, профилактика тек есірткінің зияны туралы ақпарат таратумен шектелмеуі керек. Адамдарға күйзеліс, мазасыздық, жалғыздық сияқты эмоцияларды дұрыс басқаруды үйрету маңызды.

“Адам өз эмоциясын басқара алса, кез келген тәуелділіктің қалыптасу қаупі айтарлықтай төмендейді”, – деді жоба жетекшісі.

Айкерім Қадырқұлованың сөзінше, есірткі нарығы сұраныс бар жерде өмір сүре береді. Сондықтан мәселені тек қылмыстық топтарды ұстау арқылы шешу мүмкін емес.

“Мемлекет зертханаларды жойып, есірткі таратушыларды ұстап жатыр. Бірақ есірткі бизнесі жаңа жағдайларға тез бейімделеді. Сондықтан бұл проблеманы тек күштік әдістермен жеңу мүмкін емес. Ең маңыздысы – сұранысты азайту”, – деді ол.

Сонымен қатар жоба жетекшісі бүгінде есірткі саудасының интернетке көшкенін айтты.

Оның пікірінше, бірде-бір мемлекет онлайн есірткі бизнесімен жалғыз күресе алмайды. Себебі қылмыскерлер шетелдік серверлерді, шифрланған мессенджерлерді, криптовалютаны және VPN технологияларын пайдаланады.

“Қазақстан соңғы жылдары интернет-дүкендерді анықтау, Telegram-арналарды бұғаттау және цифрлық криминалистика құралдарын қолдану бағытында жұмысын күшейткен. Алайда қылмыскерлер жаңа технологияларды заңнама мен оған қарсы құралдар жаңарғаннан әлдеқайда жылдам енгізеді. Сондықтан бұл күреске полиция ғана емес, IT мамандары, банктер, байланыс операторлары, білім беру ұйымдары және халықаралық серіктестер де қатысуы қажет”, – деді ол.

Ол қоғам мен еріктілердің де рөлі маңызды екенін айтты. Оның сөзінше, есірткі жарнамасын, граффитиді немесе жастарды заңсыз әрекетке тарту белгілерін алғаш болып көбіне қарапайым азаматтар байқайды.

“Ұсталған есірткі таратушылардың орнына жаңаларының келуі тек Қазақстанға емес, әлемнің көптеген еліне тән жүйелі мәселе. Есірткі бизнесі орындаушылардың тез ауысуына негізделген. Ұйымдастырушылар көбіне жасырын жүреді немесе басқа елде отырып басқарады. Ал жауапкершіліктің негізгі салмағы курьерлерге, есірткіні жасырын орындарға қалдыратындар және делдалдарға түседі. Олардың орнына жаңалары тез табылады”, – деді жоба жетекшісі.

“Қазір есірткіге қол жеткізу бұрынғыдан әлдеқайда жеңіл”

Айкерім Қадырқұлованың айтуынша, синтетикалық есірткінің жастар арасында тез таралуына бір ғана нәрсе себеп емес. Оның қалыптасуына бірнеше фактор қатар әсер етеді.

“Қазір есірткіге қол жеткізу бұрынғыдан әлдеқайда жеңіл. Оны сатушымен бетпе-бет кездеспей-ақ, интернет арқылы анонимді түрде сатып алуға болады. Бұл жастардың алғаш рет есірткі қолдануына психологиялық тосқауылды азайтты”, – деді жоба жетекшісі.

Оның пікірінше, есірткі көбіне эмоционалдық қолдау жетіспейтін ортада таралады. Көптеген ата-ана отбасының тұрмысын қамтамасыз ету үшін жұмысқа көп уақыт бөледі. Сол себепті балалар қараусыз жалғыз қалып, өз мәселесімен өзі айналысуға көшеді. 

“Бұл ата-ананың жаман екенін білдірмейді. Бірақ баланың мінез-құлқындағы өзгерісті дер кезінде байқап, сөйлесетін немесе қолдау көрсететін ересек адамның болмауы тәуекелді арттырады. Есірткіге тәуелді болуға әсер ететін негізгі факторлардың бірі – оған оңай қол жеткізу мен психологиялық қиындық жатады. Бұдан бөлек, отбасында сенімнің жоқтығы, жасөспірімдердің бос уақытының көп болуы, ортаның ықпалы және күйзеліспен күресе алмауы да қауіп-қатерді күшейтеді. Кейбір жастар үшін есірткі мазасыздық пен жалғыздықтан қашудың құралына айналады”, – деді NarcoStop жобасының жетекшісі.

Жоба жетекшісінің сөзінше, синтетикалық есірткі қылмыстық топтар үшін де тиімді. Себебі оны өндіру арзан, арнайы өсімдік шикізатын қажет етпейді. Оны кез келген жерде жасауға болады әрі табысы жоғары, дейді. 

“Мұндай зат жастарға көбіне “жеңіл” немесе “қауіпсіз” есірткі ретінде ұсынылады. Ал олар мессенджерлер, әлеуметтік желілер мен анонимді интернет-дүкендер арқылы таралады”, – деді Айкерім Қадырқұлова.

Біз себеппен емес, салдармен күресіп жүрген жоқпыз ба?

Айкерім Қадырқұлованың айтуынша, нашақорлықтың қалыптасуына бірнеше қауіп факторы қатар әсер етеді. Сондықтан бұл мәселені бір ғана себеппен түсіндіру мүмкін емес.

NarcoStop жүргізген зерттеу барысында жастардың есірткіге әуестенуіне жиі әсер ететін үш негізгі қауіп факторы анықталған.

Біріншісі – бос уақыттың болмауы. Егер жасөспірімнің спортпен, шығармашылықпен, ерікті болу немесе қоғамдық қызметпен айналысу мүмкіндігі болмаса, жаңа әсер іздеу ықтималдығы артады;

Екіншісі – жақын ортасында есірткі қолданатын адамдардың болуы. Мұндай ортада есірткі ұсыну қалыпты жағдай деп қабылданып, психологиялық кедергі әлсірейді;

Үшіншісі – немқұрайлы орта. Егер адамның жанында "тоқта" деп айтатын, мінез-құлқындағы өзгерісті байқап, дер кезінде көмек көрсететін ешкім болмаса, тәуелділікке ұрыну қаупі күшейеді.

“Жасөспірім үшін өзіне бейжай қарамайтын, қиын сәтте қолдау көрсететін адамның болуы өте маңызды. Мәселенің түпкі себебі әлдеқайда тереңде жатыр. Оған жастардың әлеуметтік осалдығы, болашаққа деген сенімнің аздығы, психологиялық қиындықтар, әлеуметтік желілердің ықпалы, құқықтық сауаттың төмендігі және отбасыдағы сенімді қарым-қатынастың жеткіліксіздігі әсер етеді”, – дейді жоба жетекшісі. 

Айкерім Қадырқұлованың сөзінше, бұл мәселені тек полицияның күшімен шешу мүмкін емес. Ерте профилактиканы дамыту және жасөспірімдерге психологиялық қолдау көрсету маңызды. Оған қоса, отбасы институтын нығайтып, қолжетімді спорт пен жастарға арналған жобаларды көбейту керек, дейді жоба жетекшісі. 

“Жеңіл жолмен келетін ақша қызықтырады”

Айкерім Қадырқұлованың айтуынша, есірткіні тасымалдаумен айналысатын жастардың көбеюіне бір емес, бірнеше фактор әсер етеді.

“Ең алдымен жастарды тез әрі оңай ақша табу жолы қызықтырады. Есірткі бизнесін ұйымдастырушылар көбіне студенттерді, жұмыссыздарды және қаржыға мұқтаж жастарды әдейі нысанаға алады”, – дейді жоба жетекшісі 

Сонымен бірге көптеген жас өз әрекетінің құқықтық салдарын толық түсінбейді.

“Кейбір жастар өздерін жай ғана курьерміз деп ойлап, аса ауыр қылмыс жасап жатқанын түсінбейді”, – деді жоба жетекшісі.

NarcoStop жобасының жетекшісі Айкерім Қадырқұлованың айтуынша, қазір қолданылып жатқан есірткіге қарсы шаралар маңызды. Алайда олар бүгінгі қауіп-қатермен күресуге жеткіліксіз.

“Нашақорлық медицинада созылмалы ауру ретінде қарастырылады. Сол себепті мәселені тек тыйым салу немесе күштік әдістермен шешу мүмкін емес. Қазіргі қолданылып жатқан шаралар қажет әрине. Бірақ есірткі нарығының өте жылдам өзгеруіне байланысты олар енді жеткіліксіз. Профилактика кешенді болуы керек”, – деді ол.

Айкерім Қадырқұлова алдағы жылдары бірнеше бағытқа басымдық беру қажет деп есептейді. Атап айтқанда: 

  • жасанды интеллект пен цифрлық аналитиканы пайдаланып есірткі желілерін анықтау;
  • криптовалютамен жасалатын күмәнді қаржы операцияларын бақылауды күшейту;
  • киберқылмысқа қарсы халықаралық ынтымақтастықты дамыту; 
  • әлеуметтік желілердегі заманауи профилактикалық жұмысты күшейту маңызды.

Сонымен қатар ол жастардың есірткіге неліктен тәуелді болатынын анықтауға бағытталған ғылыми зерттеулерді қолдауды ұсынды. Жоба жетекшісінің пікірінше, әрбір бала спортпен, шығармашылықпен, ғылыммен айналысуы тиіс.

“Адамның өзін дамытуға мүмкіндігі болса, оның деструктивті әрекеттерге бару ықтималдығы едәуір төмендейді”, – деді Қадырқұлова. 

Оған қоса, ол профилактика тек есірткінің зиянын түсіндірумен шектелмеуі керек екенін айтты. Оның орнына жастарға күйзеліспен күресу, құрдастарының қысымына қарсы тұру, дұрыс шешім қабылдау, ақпаратты сыни бағалау және көмек сұрау сияқты өмірлік дағдыларды үйрету қажет екенін айтты. 

Stan.kz
Жұма, 24 Шілде, 2026 15:00