Қазақстанда салықтық шегерімдерге жаңа ереже енгізілді: Пайдаланылмаған жеңілдік кейінгі айларға көшірілмейді

Қазақстанда жаңа Салық кодексі аясында жеке табыс салығы бойынша салықтық шегерімдерді қолдану тәртібі нақтыланады. Енді салық кодексіне сәйкес базалық шегерім ай сайын ғана есептеліп, пайдаланылмаған бөлігі кейінгі айларға көшірілмейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл мәселе Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Жобалық кеңсенің кезекті отырысында қаралды.
Жаңа кодекске сәйкес азаматтарға ай сайын 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде базалық салықтық шегерім беріледі. Алайда оның жылдық көлемі 360 АЕК-тен аспауы тиіс. Бұл жеңілдік азаматтардың салық салынатын табысын азайтып, төленетін жеке табыс салығының мөлшерін төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары бойынша қолданыстағы шегерімдер сақталады.
Жиында табысы базалық шегерім мөлшерінен төмен қызметкерлерге қатысты мәселе де көтерілді. Бұған дейін Салық кодексі пайдаланылмай қалған шегерімнің бір бөлігін сол күнтізбелік жылдың келесі айларына ауыстыруға мүмкіндік беретін. Ал жаңа редакцияда мұндай норма енгізілмеген.
"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұрынғы тәртіпті сақтап қалуды ұсынғанымен, Мемлекеттік кірістер комитеті бұған қарсы пікір білдірді. Комитеттің түсіндіруінше, жаңа жүйеде базалық шегерім ай сайынғы әлеуметтік қолдау құралы ретінде қарастырылған. Сондықтан ол әр айға жеке есептеледі және пайдаланылмаған бөлігі кейінгі кезеңге көшірілмейді.
ОқыңызОсыған байланысты Мемлекеттік кірістер комитеті базалық салықтық шегерімнің пайдаланылмаған қалдығы келесі айларға ауыстырылмайтынын түсіндіретін ресми құжат дайындайды.
Бұдан бөлек, отырыста әлеуметтік салықтық шегерімдерді қолдану тәртібі де талқыланды. Жаңа Салық кодексінде I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтарға 5 мың АЕК көлемінде, ал III топтағы мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға, асырап алушылар мен қамқоршыларға 882 АЕК мөлшерінде салықтық жеңілдік қарастырылған.
Қазіргі ережеге сәйкес пайдаланылмаған әлеуметтік шегерім жұмыс беруші ауысқан жағдайда есепке алынуы мүмкін. Дегенмен бірнеше жерде қатар жұмыс істейтін азаматтардың бұл жеңілдікті қалай пайдаланатыны нақты жазылмаған.
Қаржы министрлігі мен Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, бұл олқылық заң талаптарын әртүрлі түсіндіруге және жеңілдікті теріс пайдалануға себеп болуы ықтимал. Сондықтан ведомстволарға әлеуметтік жеңілдіктің мақсатын сақтай отырып, оны қолданудың бірыңғай тәртібін әзірлеу тапсырылды.
Еске салсақ, Қазақстанда 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енді. 20 қаңтар күні өткен Ұлттық Құрылтайдың бесінші отырысында президент Тоқаев көптің сынына қалған жаңа Салық кодексіне өзгеріс енгізуді тапсырған еді.
"Түрлі тағам пісіремін, өкшелі аяқ киім киіп, саяхаттаймын": Желіде боянғанын көрсеткен 90 жастағы қазақстандық әже жұртты сүйсіндірді