Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Непалда жеке басы анықталмаған мәйіттерді жаппай жерлеу басталды

Непал мәйіт жерлеу
Фото: REUTERS/Navesh Chitrakar

Непалдың Читван аймағында су тасқынынан қаза тапқан, бірақ жеке басы анықталмаған жүздеген адамның денесі жаппай жерленіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Сәрсенбі күні апат болған билік Расувадағы су тасқынынан зардап шеккен аңғарлардан шамамен 200 шақырым жерде орналасқан Читванның Девгхат орманында жүздеген қабір қазды. 

"Басқа амалымыз қалмады. Сондықтан осындай қадамға баруға мәжбүр болдық. Мәйіттердің тез шіруі халықтың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін деп алаңдадық", – деді Читванның Бхаратпур аудандық әкімшілігінің басшысы Ганеш Арьял.

Сенбі күні билік орманға жеке басы анықталмаған 96 адамның денесін жерледі. Ал жексенбіде тағы 100-ден астам адамның денесін жерлеу жоспарланып отыр. Бұл уақытта іздеу топтары өзендер мен үйінділердің арасынан қаза тапқандардың денелерін әлі де іздеп, алып жатыр.

Непал мен Қытай шекарасы бойындағы аңғарларды жайпап өткен кенеттен болған су тасқыны мұздықтың опырылуынан пайда болған. Апат салдарынан аймаққа орасан зор зиян келіп, шамамен 750 адам қаза тапты. Тағы 3000-нан астам адам хабар-ошарсыз кеткендер қатарында.

Қаза тапқандарды тіркеу, мәйіттерді суретке түсіру, туыстарына марқұмдарды тануға көмектесу және жерлеуге дайындау жұмыстарына шамамен 100 құтқарушы, полицей және басқа да қызметкерлер қатысты.

“Әрбір жерлеу орны мұқият тіркелген. Мәйіттердің жатқан жерін көрсететін арнайы белгілер жердің үстіне де, астына да қойылып, олардың нақты орналасқан жері жазып алынған”, – деді биліктегілер.

Непал билігі жеке басы анықталмаған қаза тапқандардан ДНҚ үлгілерін алды. Бұл кейін олардың кім екені туыстарының өтініші, ресми құжаттар немесе генетикалық сараптама арқылы анықталса, мәйіттердің жерленген жерін тауып, қажет болған жағдайда қайта қазып алуға мүмкіндік береді.

Үндістан Непалға сот-медициналық сарапшылар тобын жіберді. Олар ДНҚ үлгілерін зерттеу бойынша непалдық мамандармен бірге жұмыс істейді. Непал билігі Қытайдан келген мамандар тобымен де байланыста.

Мәйітханадағы қолқаны қабатын иіс пен орын тапшылығы

Ал Бхаратпурдағы ауруханада шіріген мәйіттердің жағымсыз иісі уақытша мәйітханаға дейін, шамамен 200 метр жердегі қақпа тұсынан-ақ сезіле бастаған. Уақытша мәйітханада шамамен 50 полицей мен аурухана қызметкері судан шығарылған мәйіттермен жұмыс істеп жатыр. Олардың көпшілігі тек қарапайым медициналық маска таққан.

Мәйітхананың ішінде еденде шамамен 125 адамның денесі жатты. Олардың көпшілігі бірнеше күн бойы тасқын су астында қалғандықтан, қатты шіріп кеткен. Соның салдарынан небәрі 50 мәйітке есептелген мәйітхана лық толған.

Апаттан зардап шеккен аймақта табиғи апаттың салдарын жоюмен айналысатын бірнеше мекеменің бірін басқарып отырған инспектор Анил Тапа мәйіттердің шіріп жатқанын айтты. 

“Табылған мәйіттердің жартысынан көбін тану мүмкін емес. Көпшілігінің бет-әлпеті көрінбейді", – деді ол.

Осы жерден бірнеше жүз метр қашықтықта орналасқан Chitwan Expo Centre көрме орталығына жоғалған жақындарын іздеген жүздеген отбасы жиналды. 200-ден астам адам мәйіттердің фотосуреттері көрсетілетін залдың алдына жиналған. Суреттер арқылы туыстары жоғалған адамдарды тануы тиіс болған. Жиналғандардың көпшілігі рюкзактары мен сөмкелерін арқалап келген. Бұл олар шалғай аудандардан арнайы іздеп келді деген сөз.

Бірнеше отбасы бір күн бұрын келгенін, бірақ залға кіруге әлі де рұқсат берілмегенін айтты.

Ал жақын маңда орналасқан бір қабатты ескі үй мәйіттерді уақытша сақтайтын орынға айналдырылған. Мұнда жеке басы анықталғанша мәйіттер сақталып жатыр.

Ғимараттың жанында үш шатыр тігілген. Олардың ішінде Непал Қызыл Крестінің көмек көрсету пункті мен полицияның тіркеу орны бар. Үстелдердің астында хош иісті таяқшалар жағылған. Алада олардың қуаты мәйіттердің иісін басуға жетпейді.

Қараңғы ғимараттың ішіндегі бөлмелерде мәйіт салынған қаптар екі қабатты кереуеттердің үстіне қойылған. Кіреберістерге құрғақ мұз қойылған. Мәйіттердің шіруін баяулату үшін кондиционерлер мен өндірістік тоңазытқыш қондырғысы үздіксіз жұмыс істеп тұр.

Құтқару және қалпына келтіру жұмыстары қызу жүріп жатыр 

Іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатқанда, оқиға орнына 13 мәйіт тиелген көлік келді. Жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 10-да ғимараттың сыртында алты жедел жәрдем көлігі тұрды. Тағы бір көлік мәйіттерді түсіру үшін кезегін күтті. Туыстары көшеде күтіп, жоғалған жақындарының табылғандар арасында бар-жоғын білуден үмітті. 

Мәйіттердің үздіксіз жеткізіліп жатты. Биліктегілер қаза тапқандардың кім екенін анықтап, әлі күнге дейін жоғалған жақындарын іздеп жүрген отбасыларға жауап беруі керек.

Мәйіттерді тасымалдаумен айналысып жүргендер апаттың ауыр салдарын өз көздерімен көрді.

"Мұнда жұмысқа келгенде, тамақ туралы ойлай алмаймын. Тамақты айтпағанда, тіпті су ішкім келмейді", – деді Тапа.

Қызметкердің формасы терден малмандай су болған.

Еске салайық, бұған дейін Непалда 26 тамызда болған жойқын су тасқыны мен көшкін салдарынан жүздеген адам қаза тауып, жүздегені хабар-ошарсыз кеткен. Табиғи апат елдің солтүстігіндегі елді мекендерге, жолдар мен инфрақұрылымға айтарлықтай зиян келтірді. Құтқару жұмыстарына 13 мыңнан астам адам жұмылдырылған. Апаттан кейін Непал мен Қытай шекарасында жүрген екі қазақстандық әйелден де хабар үзілген.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 31 Тамыз, 2026 08:13