Неміс дәрігерлері Навальныйдың жағдайы туралы айтты
Ресейлік оппозиция жетекшісі Алексей Навальный жатқан немістің Charite клиникасының өкілдері оның жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі РИА Новостиге сілтеме жасап.
"Холинэстераза ингибиторлары тудыратын холинергиялық дағдарыс белгілері азайды", - делінген клиниканың баспасөз хабарламасында.
Навальныйдың жағдайы тұрақты деп бағаланады, ол жансақтау бөлімінде жасанды комада, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. "Оның денсаулығының жағдайы өзгеріссіз және ауыр күйінде қалып отыр, оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Бұрынғыдай қатты уланудың ұзақ мерзімді салдары айқын емес", - деп қосты клиника.
Сонымен қатар, Spiegel-дің белгісіз дереккөздерге сілтеме жасап хабарлауынша, Charite өкілдері улар мен химиялық қару бойынша әскери сарапшылардан көмек сұраған.
Басылым дәрігерлер британдық Портон-Даун зертханасынан ГРУ-дің бұрынғы полковнигі Сергей Скрипаль мен оның қызының улануымен айналысқан деректерді сұрағанын жазады. Сондай-ақ, 2015 жылы Софияда уланған кәсіпкер Эмилиан Гебревті емдеген болгар мамандарынан көмек сұралды.
Басылым Мюнхенде фармакология мен токсикология бойынша жабық әскери зертханалық кешен жұмыс істейтінін, онда Германияда улар мен химиялық соғыс қарулары бойынша ең жақсы сарапшылар жұмыс істейтінін баса айтады.
Еске салайық, Навальный Томскіден Мәскеуге бара жатқан жолда ұшақта ауырып қалғаннан кейін 20 тамызда Омбыдағы ауруханаға түскен болатын. Сараптамалардың нәтижелері бойынша Омбы дәрігерлері негізгі диагнозды метаболикалық бұзылулар деп атады, бұл қандағы қанттың күрт төмендеуін тудырды. Оның себеп болғаны әлі анық емес, бірақ Омбы дәрігерлерінің айтуынша, Навальныйдың қаны мен зәрінен улар табылған жоқ.