Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Неге мал сияқты көшіп жүруіміз керек?": Тынышбаев атындағы академия студенттері министрлікке қарсы наразылық білдірді

Алматыдағы Тынышбаев атындағы академия студенттері Білім министрлігіне қарсы наразылық білдірді. Студенттер өздері оқып келген "Көлік техникасы және құрылысы" кафедрасының жабылмауын талап етті. Айтуларынша бұл кафедраны лицензиясынан айырса, 690 студент пен жүздеген ұстаз далада қалмақ. Ал Тынышбаев академиясының басшылығы "біз тиісті талаптарды орындап отырмыз" деп ақталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро"  жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Студенттер Мұхамеджан Тынышбаев атындағы академияның алдына жиналып, наразылықтарын білдірді. Олар "Көлік құрылысы" кафедрасының жабылуына қарсы. Айтуларынша, бұл - жол мен темір жол торабын жасауды оқытатын елдегі жалғыз кафедра.

"Бір ай бұрын мені өзімнің қалауымсыз басқа универге ауыстырып жіберді. Біз тәуелсіз Қазақстанда тұрамыз ғой?! Бірақ неге біз тәуелдіміз? Неге әр адам өзінің құқығын сақтай алмайды? Неге бізді естімейді? Студенттер неге мал ұқсап көшіп жүруі керек?", - деді студент Әсел Маратқызы.

Ал аталмыш кафедра лицензиясынан айырылатын болса, бұл мамандықта оқитын 690 студентті басқа университетке ауыстыруға мәжбүр екен.

Баламды басқа жаққа ауыстыруға мүмкіндігім жоқ деген ата-аналар білім министрлігіне үндеу тастайды.

"Бұлар темір жол жасайтын болашақ мамандар. Темір жолы жоқ вагон қайда барады дегім келеді", - деді ата-ана Бақыт Құнанбаева.

Басқа оқу орнына ауыспаймыз деген студенттер, таңдаған мамандықтарын осы Тынышпаев академиясында аяқтағымыз келеді деп отыр. Оның үстіне қашан барсаң жөнді жауап бермейтін акадамия басшылығы алдын ала түсіндірме жұмыстарын жүргізбеді деп налиды. Ал академия ректоры Салтанат Нұрәділқызы бүгін де ата аналарға мәселені шешіп береміз деп уәдемен қайтарыпты. Ол кісілердің сөзінше бұл берілген бірінші уәде емес. Алайда бұл мәселеге қатысты білім және ғылым минстрлігі әзірге еш мәлімет берген жоқ.

Талқылау