Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Назгүл Қарабалина: Азамат сүйіктісімен айырылысып қиналып жүрген уақытты пайдаланып, оған күйеуге тиіп алдым

Мұхтар Әуезов атындағы театр актрисасы, Азамат Сатыбалдының жары Назгүл Қарабалина отбасы, өмірлік ұстанымы мен шығармашылық жаңалықтары туралы айтты. Актриса қоғамдағы жетім, жесірдің проблемасын, қыз тәрбиесі мен бала тәрбиесін сөз етті. Азаматын сыйламаған қоғамда қарттар үйінің саны артады дейді ол. 

Бұл туралы “Менің өмірім” бағдарламасында айтылды.

Назгүл Қарабалина театрда ерекше образдарымен таныс. 20 жылдан бері сахнада ойнап келеді. Актрисаны қазіргі әйел теңдігі мәселесі, отбасылық зорлық-зомбылық, жетімдер мәселесі толғандырады.

“Бізде отбасылық зорлық-зомбылық мәселесі көп. Бір-екі жолы болмаған әйел үшін барлық еркекті жазғырудың керегі жоқ. Қанша ер азаматтар бала-шағасы мен әйелі үшін жұмыс істеп жүр. Отбасын асырау үшін бастығының ұрысын естіп жүр. Ақылды әйел өзін ұруға жеткізбеу керек. Ер азаматқа көп нәрсе керек емес. Дастарқаның жайылып тұрса, үйің жинаулы болса, жүзің жарқын болса болды. Ал мен де еңбек етіп келдім, мен де шаршап тұрмын, мен де ақша тауып жатырмын деп ерегесіп тұрсаң оның соңы шапалақпен бітеді. Содан кейін жылап-сықтап отырады. Әрине, ессіз еркектер де бар. Себепсіз ұратын шығар, ішімдік ішетін шығар, бірақ бәрі емес”, –деді актриса.

Назгүл Қарабалина жетімдердің тағдырына көп алаңдайды. Осы тақырыпты арқау етіп өз туындысын жазып шықты. Туындының мақсаты – санадағы қайыршылық. 

“Адам бай болуы мүмкін, бірақ санасы қайыршы болуы мүмкін. Өзі кедей болуы мүмкін, бірақ санасы бай болуы мүмкін. Менің қорқатыным  – санасы қайыршы адамдар. Егер көшеде бір адам құлап жатса, біз қарап қасынан өте береміз. Біз деген қоғамбыз. Бірақ қоғам оған назар аудармайды. Ол жерде жатқан тағдырға алаңдамайды. Бізде санасы қайыршы адам көп. Ерін сыйламайтын әйел көп. Отбасында әйел билейтіндер көп. Соның кесірінен қарттар үйі көп. Анасы билейтін отбасында өскен баланы да ертең әйел билейді. Ол ата-енесімен тұрғысы келмейді. Сосын қарттарды қарттар үйіне жібереді. Кезінде Азаматтың кездесіп жүрген қызы болатын. Азамат үйінде ең кенжесі. Қыз оның ағаларымен бірге тұрғысы келмеген. Азамат оңтүстік тәрбиеде өскен жігіт. Солай тіл табыса алмай екі жаққа кеткен. Азамат екеуміз сырлас едік. Маған бар сырын айтатын. Солай қиналып жүргені бар. Мен сол уақытты пайдаланып, оған күйеуге тиіп алдым”, – деп күлді актриса.


Талқылау