Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Науқас сәбиге бауырының 25 пайызын бөліп берген жігіт басынан өткен оқиғасын айтты

Астаналық Бекарыстан Аманжолов екінің бірі бара бермейтін тәуекелге бел буған азамат. Ол жігіт "бауыр церрозы" дертіне шалдыққан 4 айлық Әсия есімді сәбиге донор болып, бауырының 25 пайызын бөліп берген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы. 

Сырқатқа шалдыққан бөбектің әкесі Уәлихан – Бекарыстанның жан досы екен. 

 "Мен еш ойланбадым. Себебі менің алдымда тағы бір адам құжаттарын әзірлеп, балаға көмектесуі керек болатын. Алайда соңғы мезетте мәселелер туындап, ол бас тартуға мәжбүр болды. Уәлихан, яғни кішкентай Әсияның әкесі хабарласқанда үлкен үрей, қорқыныш, үміт тұрғанын дауысынан түсіндім. Ешбір ойланбастан келістім. Бір қызығы, тіпті мен ешкіммен ақылдаспаппын. "Иә" деп айтуын айтып алып, кейін ата-анам мен жұбайымның алдынан өтуге тура келді. Бірақ ата-анам да, жұбайым да, жалпы менің ортам бірден қолдады",  – дейді Бекарыстан Аманжолов. 


Дертіне дауа іздеген кішкентай Әсия мен оған бауырын бөліп берген донор жігітке де ота Түркияда жасалған екен. 

"Маған 6 жарым сағат операция жасалды. Бауырдың 25 пайызын алды, одан бөлек өтті алып тастайды екен. Ол да оңайға соққан жоқ. Отадан кейін, наркоз кеткеннен кейін үлкен бір қиындықтар болды. Бауырдың толыққанды өз-өзіне келуі үш ай мен алты айдың арасы екен. Дәрігерлер түрлі шектеу қойды. Бір жыл көлемінде ауыр көтеруге болмайды, тым майлы, тым ащы жеуге болмайды, қатты қозғалуға болмайды, спортпен қатты шұғылдануға болмайды. Алғашқыда көлік жүргізуге болмайды деді. Сондай-ақ ашулануға болмайды. Бір мүшеңізді толықтай алып тастап, енді бір мүшеңіздің 25 пайызын алып тастаса, ол қатты сезіледі. Бірақ мен оған еш өкінбеймін", – дейді бауырын бөліп берген жігіт.  


Бекарыстанның бұл қадамына тәнті болған желідегі жұрт оны бүгінгі күннің батырына балап, жастар жағы "тигрға" теңеп жатыр. 

"Мен халықтың тарапынан дәл мұндай реакция болады деп ойламадым. Отадан кейін оянғанда маған өте қатты ауыртпалық болды, өзімді жаман сезіндім. Сол кезде телефонымды қолыма алып, ашып қалсам танымайтын адамдардан көңілімді көтеретін көптеген хат келіпті. Мен туралы көптеген жазбалар жазылған, материалдар жарияланған екен. "Тигр", "батыр" деп жатыр, бұлай айту қаншалықты дұрыс, білмеймін. Бірақ мен мұны қабылдай алмадым. Әрине, ол көпшіліктің ниеті. Сондықтан мен оларға үлкен алғысымды білдіремін. Бірақ мен үшін бұл заңдылық сияқты болды. Бізді атам, әжем, әке-шешем, ұстаздарым солай тәрбиелеген. Егер де сенің қолыңда тамшыдай мүмкіндік болса, біз үшін қалыпты жағдай", – дейді донор жігіт.

 
Бекарыстан Аманжоловтың айтуынша, Түркиядағы ота сәтті аяқталғанымен, кішкентай Әсия мен ата-анасы үшін нағыз сынақ енді басталмақ...
Айта кетейік, қарапайым отбасынан шыққан Бекарыстан да бір үйдің отағасы. Оның жұбайы мен кішкентай қызы бар. Қызылорда өңірінде туып өскен ол қазіргі таңда Астана қаласында тұрады. Жақсылық жасауға жаны құмар жігіт "Бір адамның өмірін сақтау қалу – өзіне берген зор мүмкіндік" екенін айтады.  
Видео сұхбаттың толық нұсқасын Stan.kz Youtube арнасынан көріңіз.

 

Талқылау