Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нәтижелі парламенттік жұмыс: Сарапшылар «Ауыл» партиясының ұстанымына баға берді

Парламент Ауыл партиясы
Фото: Мәжіліс

Қоғамдық күн тәртібінде көбіне саяси мәлімдемелер мен қоғамда қызу талқыланатын тақырыптар алдыңғы қатарға шығады. Алайда азаматтардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін көптеген мәселе ұзақ әрі жүйелі жұмысты талап етеді. Сарапшылардың айтуынша, бүгінде "Ауыл" партиясының парламенттік қызметі дәл осындай бағыттарға шоғырланған. Партия ұзақ мерзімді нәтижеге бағытталған бастамаларды ілгерілетіп келеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Саясаткер, қоғам қайраткері Дос Көшім саяси-құрылымдық бағытта жүретіндіктен, парламенттегі партиялардың көтеріп жатқан бастамаларына кейде шолу жасайтынын айтты. Соның ішінде "Ауыл" партиясының ұстанымдары ол үшін ерекше қызығушылық тудырған.

“Олардың аграрлық секторды дамытуға бағытталған бағыты көңілге қонымды деп айта аламын. "Ауыл" партиясы бүгін бірнеше маңызды мәселелерді көтеріп отыр, бұл мені жеке өз басым қуантады, жалпы бұл бастамаларды қолдаймын. Біріншісі – аграрлық секторды қаржыландыру мәселесі. Мен экономист емеспін, бірақ менің ойымша, фермерлер үшін ең тиімді құрал субсидиялау емес, керісінше қолжетімді әрі арзан несие беру. Осы тұрғыда партия ұсынып отырған Аграрлық банкті құру идеясы қолдауға лайық. Мен бұл бастамаға оң көзқарастамын. Екінші маңызды бағыт – су тапшылығы мәселесі. Егер фракцияның осы бағыттағы бастамалары шынымен тиімді түрде жүзеге асырылса, бұл ауыл шаруашылығының дамуына елеулі әсер етеді. Әңгіме, соның ішінде, қар және жаңбыр суларын тиімді пайдалану, оларды жинақтау және сақтау туралы болып отыр. Бұл ауыл шаруашылығы үшін өте өзекті мәселе”, – дейді саясаткер.
Дос Көшім Ауыл партиясы
Фото: Жеке мұрағаттан

Сонымен қатар Жигули Дайрабаевпен бір кездесулерде ол "перспективасы жоқ" ауылдар мәселесін еске салды. Әсіресе, бұл Солтүстік және Шығыс өңірлерге қатысты, мұнда елді мекендер біртіндеп қысқарып жатқанын атап өтті. Бұл мәселе де назар аударуды қажет етеді, деп санайды Дос Көшім.

“Әңгіме барысында осындай маңызды бастамалар мен Парламент деңгейінде көтеріліп жатқан тақырыптар қоғамға әрдайым толық жетпейтіні туралы ой айтылды. Кейде біз мұндай мәселелердің талқыланып, алға жылжып жатқанын да естімей қаламыз. Сондықтан осындай ұсыныстар мен шешімдер халыққа кеңінен және ашық түрде жеткізілуі маңызды. Жалпы алғанда, мен "Ауыл" партиясы фракциясының бастамаларын, әсіресе осы екі бағытты оң бағалаймын. Егер бұл мәселелерді нақты іске асыруға дейін жеткізе алса, бұл партия мен фракция жұмысының өте маңызды нәтижесі болар еді”, – дейді қоғам қайраткері. 
 

Ал сарапшы Ержан Ибраһим “Ауыл" партиясын ауыл мәселелерін жүйелі түрде көтеріп жүрген “негізгі саяси күш” деп үлгі етті.

“Ауылдың болашағы неден басталады? Ауылдың дамуы тек егін егіп, мал өсірумен ғана шектелмейтіні аян. Оның артында фермерлердің күнделікті шешуге мәжбүр болатын көптеген мәселелері тұр. Біріне қолжетімді несие қажет болса, енді бірі су тапшылығына немесе жайылым жетіспеушілігіне тап болады. Сондықтан ауыл шаруашылығының табысты дамуы ең алдымен осы түйткілдерді шешуге бағытталған тиімді мемлекеттік саясатқа байланысты. Ауыл тумасы болғандықтан, ауыл шаруашылығы саласына қатысты жаңалықтарды жиі қараймын. Байқағаным, фермерлердің мәселелері Парламент деңгейінде де тұрақты түрде талқыланып жүр. Осы тұста ауыл мәселелерін жүйелі түрде көтеріп жүрген негізгі саяси күш, дәл осы бағытты өзінің басты басымдығына айналдырған жалғыз партия ретінде "Ауыл" партиясын айтуға болады”, – дейді Ержан Ибраһим.

Оның сөзінше партия депутаттар бірнеше мәселелерді шешу үшін оларға ерекше назар қояды:

  • Агроөнеркәсіп кешенін дамыту;
  • Фермерлерге қолжетімді қаржыландыру тетіктерін жетілдіру;
  • Тұқым шаруашылығын дамыту,;
  • Жер құнарлылығын сақтау және ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану.
Жалпы, ауылды дамыту туралы айтқанда көбіне инфрақұрылым, жол немесе әлеуметтік нысандар сөз болады. Әрине, олардың бәрі қажет. Бірақ меніңше, ауылдың тұрақты дамуы ең алдымен еңбек етіп жүрген шаруалардың мәселелерін шешуден басталады. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласын қолдауға бағытталған бастамалар мен ұсыныстар әрдайым қоғамның назарында болғаны дұрыс
Фото: Жеке мұрағаттан
“Қазіргі жағдайда су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселесінің маңызы ерекше. Климаттың өзгеруі мен құрғақшылық қаупі күшейіп тұрған кезде су үнемдеу технологияларын енгізу, ирригациялық жүйелерді жаңғырту және су инфрақұрылымын дамыту күн тәртібінен түспеуі керек. Бұл бағыттағы ұсыныстар ауыл тұрғындарының өмір сапасына да, шаруалардың табысына да тікелей әсер етеді. Сондай-ақ жайылымдық жерлерді тиімді басқару, мал шаруашылығын дамыту, балық және басқа да су жануарларын өсіру салаларын қолдау мәселелері де назардан тыс қалмауы тиіс. Әр өңірдің табиғи және экономикалық ерекшеліктерін ескере отырып, ауыл шаруашылығының түрлі бағыттарын қатар дамыту маңызды”, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, ауылды дамыту мәселесі сөз болғанда көбіне инфрақұрылым, жол немесе әлеуметтік нысандар туралы айтылады.

“Әрине, олардың бәрі қажет. Бірақ меніңше, ауылдың тұрақты дамуы ең алдымен еңбек етіп жүрген шаруалардың мәселелерін шешуден басталады. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласын қолдауға бағытталған бастамалар мен ұсыныстар әрдайым қоғамның назарында болғаны дұрыс”, – дейді ол.

Сондай-ақ айта кетейік, бүгін мәжіліс отырысында депутат Серік Егізбаев Семей ядролық полигонына қатысты мәселені де көтерді. Семей ядролық полигонынан зардап шеккен азаматтарды қолдау мәселесі "Ауыл" партиясының назарынан тыс қалған емес. Партия өкілдері тұрғындардың әлеуметтік және медициналық қорғалуын күшейтуге бағытталған бастамаларды ұсынды.

Серік Егізбаевтың айтуынша, тұрғындар әлеуметтік қолдау көлемінің жеткіліксіздігіне, өтемақы есептеу жүйесінің ескіргеніне және халықты медициналық оңалту бойынша жүйелі тәсілдің жоқтығына шағымданып жатыр. Осыған байланысты депутат Семей ядролық полигоны қызметінің салдарынан зардап шеккен аумақтар мен тұрғындарды кешенді оңалтуға арналған мемлекеттік бағдарлама әзірлеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

"Семей ядролық полигоны қызметінің салдарынан зардап шеккен аумақтар мен халықты кешенді оңалтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу мүмкіндігін қарастыру қажет", – деді Серік Егізбаев.

Депутаттың пікірінше, мұндай бағдарламада зардап шеккен өңірлерде мамандандырылған медициналық орталықтар ашу, тұрғындарды жыл сайын тереңдетілген медициналық тексеруден өткізу, зейнеткерлер мен мүгедектігі бар азаматтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, санаторийлік-курорттық ем алу мүмкіндіктерін кеңейту, экологиялық мониторинг пен қоғамдық бақылауды күшейту, сондай-ақ ғылыми зерттеулерді қаржыландыру көлемін арттыру көзделуі тиіс.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 03 Маусым, 2026 13:15