Мұрадан қағылған ұл 82 жастағы әкесін пышақтап өлтірді

Үндістанда мұра мен баспанаға қатысты дау қайғылы жағдаймен аяқталды. Махараштра штатындағы Чхатрапати Самбхажинагар қаласында ер адам сотта жеңіліп қалғаннан кейін 82 жастағы әкесін пышақтап өлтірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ndtv.com-ға сілтеме жасап хабарлайды.
NDTV мәліметінше, марқұм Джафар Қамаруддин Сайед Патель екі жыл бойы ұлы Абдул Рехманды отбасылық үйден шығару үшін соттасқан. Бұған ұлының үй ішінде жиі жанжал шығарып, туыстарына дөрекі мінез көрсетуі және қол көтеруі себеп болған.
Джафар Патель бұрын Су ресурстары департаментінде жұмыс істеген. Ал оның ұлы медициналық өкіл болып қызмет еткен. Отбасындағы ұзаққа созылған келіспеушіліктен кейін қарт кісі Пуна қаласындағы қызының үйіне көшіп барып, кейін өз үйін қайтарып алу үшін сотқа жүгінген.
Сот зейнеткердің талабын қанағаттандырып, үйді әкесінің меншігіне қайтару және ұлын баспанадан шығару туралы шешім шығарған.
Алайда сот шешімінен кейін ашуға булыққан Абдул Рехман әкесіне шабуыл жасаған. Ол соттан қайтып келе жатқан әкесі отырған авторикшаны жолда тоқтатып, көпшіліктің көзінше оған пышақ сұққан. Қария алған жарақатынан көз жұмды.
Оқиға кезінде әкесінің жанында болған қызы да жарақат алған. Полиция күдіктіні ұстап, қамауға алды.
Ұстазының жетекшілігімен цирк әлеміне келген қазақстандық егіз Cirque du Soleil-де өнер көрсетеді
Оқыңыз