Мобильді аударымдар бойынша кәсіпкерлер үшін 2025 жылдан бастап қандай ережелер енгізіледі?
2025 жылдан бастап банктер жеке кәсіпкер болып табылмайтын физикалық тұлғалардың мобильді аударымдары жайлы ақпарат береді. Аударымдардың санын анықтау бойынша критерийлер банк секторымен бірлесіп әзірленеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Болжам бойынша, қойылатын критерий – жеке тұлға 3 күнтізбелік ай қатарынан банктік шотына ай сайын әр түрлі 80-100 және одан көп адамнан ақша қаражаттарын алып отыруы.
Аударымдарды заңдастыру үшін шағын және орта бизнес не істеуі керек?
Соңғы кездері кәсіпкерлер тауарлар мен қызметтер үшін көптеген аударымдар қабылдай бастады. Оның үстіне, олар кассалық чектер бермейді.
"Қолданыстағы заң бойынша, физикалық тұлғалардың кәсіпкерлік қызметте ағымдағы банк шотын қолданбауға қатысты талаптар бар. Бүгінгі таңда ол талап сақталмағандықтан, Кәсіпкерлік кодексіне өзгеріс енгізу көзделуде. Ол бойынша кәсіпкерлік субъектілері үшін тауарларды іске асыру, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету бойынша ағымдағы банк шотына төлемдерді қабылдау міндеті қарастырылады", – дейді Маңғыстау облыстық мемлекеттік кірістер департаменті.
Кәсіпкерлік кодексінің нормасына сәйкес, физикалық тұлғалар жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеуден өтуі тиіс.
Ал бизнес салықшылардың алдында қалай есеп береді?
Кәсіпкерлік субъектілері онлайн-ККМ енгізіп, сатып алушыларға чек беріп, табыстарын жария етіп отыруға міндеттеледі.
Халық қайтадан қолма қол төлемге көшпей ме?
Халық мобильді аударымдардан бас тартпайды. Алайда кәсіпкерлер қолма қол немесе төлем карталары арқылы төлем қабылдаған соң, фискалды чектер беріп отыруға міндетті.
Кассалы машиналарды қолданбаған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Физикалық тұлғалар бұрынғыдай жеке мақсаттарында мобильді аударымдар жасай алады. Жаңа өзгерістер физикалық тұлғалардың жеке аударымдарын қарастырмайды.