Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Имам Данияр Кенжеұлы Роза коучпен дауға қатысты тағы бір жазба жариялады

Роза коуч пен Данияр Кенжеұлы
Фото: Instagram.com/roza.coach / daniyar_kenzheuly

Имам Данияр Кенжеұлы коуч Роза Әшірбаевамен арадағы даудан кейін әлеуметтік желіде тағы бір көлемді жазба жариялады. Бұл жолы ол бұған дейін айтқан пікірлерін нақтылап, мәселе “күйеуінен сұрану” туралы бір ғана сөйлемде емес екенін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Данияр Кенжеұлының айтуынша, алғашқы жазбасынан кейін көпшілік оның бірнеше бетке созылған пікірінен бір ғана “күйеуінен сұранбай шығу” деген тіркесті бөліп алып, соны негізгі тақырыпқа айналдырған.

“Мен бір ғана сөйлемге сүйеніп Роза коучтың контентіне баға берген жоқпын. Бірнеше сұхбатында, подкастында, видеосында айтылған сөздерді қатар қойып, солардың ар жағынан көрінетін ортақ түсінікті сөз еттім”, – деп жазды ол.

Оның сөзінше, ол Роза коучтың отбасы, неке, ажырасу және ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы туралы түрлі уақытта айтқан пікірлерін салыстырып қараған. Ол мұндай тақырыптар үлкен аудиторияға ұсынылған кезде кәсіби әлеуметтік-психологиялық, ал қажет жағдайда құқықтық сараптамадан өтуі керек деп санайтынын жеткізді.

Данияр Кенжеұлы әйелдің күйеуінің табысымен өмір сүруін бірден “қаржылық тәуелділік” деп атаумен де келіспейтінін айтты. Ол отбасын асырауды ер адамның мойнына алған жауапкершілігі деп түсіндіреді.

“Нәпақа – еркектің мойнына алған жауапкершілігі ғой, үстемдігі емес. “Мен сені асыраймын, сондықтан маған бағыныштысың” деген еркек болса, мәселе әйелдің жұмыссыздығында емес, еркектің зұлымдығында”, – деді ол.

Ол бір отбасындағы зорлық-зомбылықты мысал етіп, басқа отбасындағы ер адамның әйелін қамтамасыз етуін де “тәуелділік” деп бағалау дұрыс емес деп есептейтінін айтты.

Имам сондай-ақ әйелдің жұмыс істеуі, кәсіппен айналысуы немесе білім алуы оның өз еркіндегі таңдау екенін атап өтті. Алайда ол әйелге міндетті түрде “ертең күйеуіңнен кету үшін ақша тап” деген мазмұнда бағыт беру отбасына алдын ала ажырасу қаупінің көзімен қарауға итермелеуі мүмкін деп есептейді.

“Әйел қаласа жұмыс істесін, кәсіп қылсын, білім алсын, дүние тапсын. Бірақ “қабілетің бар, кәдеге жарат” деген сөз бен “ертең күйеуің қорлық көрсетсе, кете алуың үшін ақша тап” деген сөздің тәрбиесі екі бөлек”, – деп жазды Данияр Кенжеұлы.

Ол үй шаруасымен айналысып, отбасын мансаптан жоғары қоятын әйелдердің таңдауын да кемсітуге болмайтынын айтты.

“Әйел құқығы деген әйелдің сіз ұнатқан таңдауды жасау құқығы ғана емес қой. Сізге ұнамайтын таңдауды жасау құқығы да әйел құқығы”, – деді имам.

Данияр Кенжеұлы ер адамның отбасының нәпақасын табуы жауапкершілік ретінде қабылданса, әйелдің отбасы үшін атқарған еңбегін “езгінің белгісі” деп бағалау да әділетсіз екенін алға тартты.

Жазба соңында ол Роза Әшірбаеваның сотқа жүгінетіні туралы мәлімдемесіне де ишара жасап, пікірталасты жалғастыруға дайын екенін аңғартты.

Еске салайық, бұған дейін Данияр Кенжеұлы Роза коучтың әйел, отбасы және ерлі-зайыптылар қарым-қатынасы туралы контентін сынға алған еді. Бұған жауап берген Роза Әшірбаева имамның өз аты-жөні мен суретін рұқсатсыз пайдаланғанын айтып, материал өшірілмесе, сотқа жүгінетінін мәлімдеді.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 02 Қазан, 2026 12:02