Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтарға Ұстаздар күніне сыйлық аларда абай болу ескертілді

Ұстаздар күніне сыйлық
Фото: depositphotos.com

Ұстаздар күні қарсаңында алаяқтар мұғалімдерге сыйлық іздегендерді жаңа тәсілмен алдап жатыр. Бас прокуратура сыйлықтарды арзан бағамен ұсынып жатқан жалған интернет-дүкендерден сақ болуға шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бас прокуратураның мәліметінше, алаяқтар мессенджерлер арқылы "ұстаздарға арналған сыйлықтар арзан бағамен сатылып жатыр" деген жалған сілтеме жібереді. Сайттың сыртқы көрінісі кәдімгі интернет-дүкеннен еш айырмашылығы жоқ.

“Алаяқтар алдау үшін жасанды интеллект көмегімен іс жүзінде жоқ тауарлардың суреттерін жасайды. Ал сатушының орнына сатып алушыға чат-бот жауап береді. Мұндай сайттар шынайы дүкендерге ұқсас, бірақ төлем жасағаннан кейін сатып алушының ақшасыз да, сыйлықсыз да қалу тәуекелі бар”, – делінген ведомство хабарламасында.

Бас прокуратура алаяқтарға алданып қалмау үшін бейтаныс адамдар жіберген сілтемелерге өтпеуге кеңес береді.

“Карта нөмірін, CVV және PIN-кодтарды, сондай-ақ SMS арқылы келген растау кодтарын ешкімге айтпаңыз. Дүкеннің шынайылығына көз жеткізбей тұрып ақша аудармаңыз. Тауар туралы ақпаратты дүкеннің ресми сайты немесе қосымшасы арқылы өзіңіз тексеріңіз. Егер күмәнді сайтқа карта деректеріңізді енгізіп қойсаңыз немесе шотыңыздан ақша алынғанын байқасаңыз, бірден банкке хабарласып, картаны бұғаттаңыз. Сондай-ақ полицияға арыз беріңіз”, – делінген хабарламада.

Еске салсақ, Оқу-ағарту министрлігі Мұғалімдер күні ұстаздарға қандай сыйлық беруге болатынын айтқан еді. 

Гүлсезім Мұхатай
Жұма, 02 Қазан, 2026 12:05