Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тегін сыйлықтан кейін қазақстандық әйел өз атына несие рәсімделгенін білген

тегін аэрогриль
Фото: Stan.kz | ЖИ көмегімен жасалған

Тұрмыстық техника таныстырылған жарнамалық акциядан кейін өз атына несие рәсімделгенін анықтаған Көкшетау тұрғыны сотқа дейінгі тәртіппен сатып алу-сату шартын бұзып, несиесін жойғызды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сауда және интеграция министрлігіне қарасты Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің көмегімен Көкшетау қаласының тұрғыны сотқа дейінгі тәртіппен өз құқығын қорғап, сатып алу-сату шартын бұзып, 406 мың теңге көлеміндегі несиені жойғызды.

Азаматша департаментке тұрмыстық техниканы таныстыруға арналған жарнамалық акцияға қатысқаннан кейін жүгінген. Презентация барысында оған тегін аэрогриль ұтып алғаны хабарланып, сыйлық ретінде мұзын еріткіш құрылғы мен таба берілген.

Кейінірек әйел сол шара барысында өзінің атына сатып алу-сату шарты рәсімделіп, Kaspi QR арқылы 406 мың теңге көлемінде несие ресімделгенін анықтаған.

Өтінішті қараған департамент мамандары "Қазақстан Республикасының Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңына сәйкес құқықтық көмек көрсетіп, дауды сотқа дейінгі тәртіппен шешуге ықпал етті. Азаматшаға оның құқықтары түсіндіріліп, сатушыға тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заң талаптарын сақтау қажеттігі ескертілді.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде тараптар сатып алу-сату шартын бұзу туралы келісімге қол қойды. Құжатқа сәйкес шарттық міндеттемелер тоқтатылып, тұтынушының ақшасы қайтарылып, Kaspi QR арқылы рәсімделген 406 мың теңгелік несие толықтай күшін жойды.

“Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңына сәйкес әрбір тұтынушы тауар, оның бағасы, сатып алу шарттары және қаржылық міндеттемелері туралы толық әрі шынайы ақпарат алуға құқылы, – делінген ведомство хабарламасында.

Мамандар кез келген құжатқа қол қоймас бұрын оның мазмұнымен мұқият танысуға, жарнамалық акциялардың ықпалымен асығыс шешім қабылдамауға және даулы жағдайлар туындаған жағдайда өз құқықтарын қорғау үшін уақтылы тиісті органдарға жүгінуге кеңес береді.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда 28 жастағы Рамазан Исхаров өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, бірнеше қызды "үйленемін" деп сендірген. Тергеу мәліметінше, ер адам қыздардың атына миллиондаған теңге несие рәсімдетіп, ақшаны иемденген. Төрт жәбірленушіге келтірілген шығын шамамен 80 миллион теңге. Ол алаяқтық және ұрып-соғу баптары бойынша сот алдында жауап беріп жатыр.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 13 Шілде, 2026 17:23