Мәулен Әшімбаев жаңа қызметі туралы мәлімдеді
Сенат спикері қызметінен кеткеннен кейін Мәулен Әшімбаевтың қайда жүргені белгілі болды. Ол халықаралық және гуманитарлық бағытқа ауысып, 2027 жылғы Шейх Заид атындағы "Адамзат бауырластығы үшін" сыйлығының қазылар алқасына кірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әшімбаев жаңа қызметі туралы желіде бөлісті. Каирдегі әл-Азһар университетінің Бас имамы Ахмед ат-Тайебтің шақыруымен Шейх Заид атындағы "Адамзат бауырластығы үшін" халықаралық сыйлығының қазылар алқасына кірген.
“Бүгінде халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі – бейбітшілік пен келісімді сақтау, сондай-ақ түрлі мәдениет, дін және халықтар арасындағы диалогты дамыту. Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап осы бағытта белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін еліміз көптеген мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен тығыз байланыс орнатқан.
Әлемде бейбітшілік пен өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі – Адамзат бауырластығы идеясы. Бұл бастаманы 2019 жылы Абу-Дабиде марқұм Рим Папасы Франциск пен әл-Азһардың Бас имамы Ахмед ат-Тайеб көтерген. Бүгінде бұл бастама көптеген мемлекет, халықаралық ұйымдар мен танымал тұлғалар қолдайтын халықаралық қозғалысқа айналды”, – деп жазды ол.

Әшімбаевтың айтуынша, адамзат бауырластығы мен дінаралық диалогты дамытуға үлес қосқан тұлғаларға Шейх Заид атындағы "Адамзат бауырластығы үшін" сыйлығы табысталады. Әр жылдары оның лауреаттары қатарында Рим Папасы Франциск, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш және Иордания королі Абдалла II болған.
2027 жылғы алқаның құрамында Әшімбаевтан бөлек, Португалияның бұрынғы президенті Марселу Ребелу де Соуза және Ирактың экс-президенті Бархам Салех бар.
Әшімбаевтың айтуынша, жаңа қызметі Қазақстанның бейбітшілік пен дінаралық келісім саласындағы тәжірибесін халықаралық деңгейде таныстыруға мүмкіндік береді.
"Үйде нан бар деп күлді": Көршісінің шелпегін алмай қойған қыздың әрекеті желіде дауға ұласты