Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жаңа дәуір басталды": Мөлдір Әуелбекова декреттен кейін шығармашылығына қайта кірісті

Мөлдір Әуелбекова
Фото: Instagram.com/moldir.auyelbekova

Әнші Мөлдір Әуелбекова ұзақ үзілістен кейін шығармашылығына қайта ден қойғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесінің сөзінше, карантин мен декреттен кейін сахнаға толыққанды оралу оңай болмаған.

“Ұзақ үзіліс болды. Карантин және декрет. Биыл күш-жігерімді жинап, шығармашылығыма толық кірістім. Оңай емес, әрине. Көрерменнің талғамы өзгерген, талабы да жоғары”, – деп жазды әнші.

Мөлдір Әуелбекова жыл басынан бері шығармашылық жолын мерейтойлық гастрольдік сапардан бастағанын жеткізді. Оның айтуынша, басты мақсаты – жеке концерттерінде халықпен қайта қауышып, көрерменнің батасын алу болған.

“Мақсатым – жеке ән кештерімде халықтың батасын алу еді. Алдым. Рақмет! Ризамын! Сағынысып қалғанымыз тағы бар”, – деді өнер иесі.

Әнші гастрольдік сапар кезінде көрерменнің ерекше ықыласына бөленіп, жаңа шабыт алғанын да атап өтті.

“Гастрольдік сапарда үлкен қошеметке бөленіп, шабытым тасып келдім. Сол деммен өз тыңдарманымды жиі-жиі Құдайдың берген талантымен қуантуға тырысып жүрмін”, – деп жазды ол.

Сонымен қатар Мөлдір Әуелбекова келер уақытта шығармашылығында жаңа кезең басталатынын аңғартты.

“Бұйырса, білек сыбана кіріскен шығармашылығымның жаңа дәуірін тамашалай жүріңіздер, құрметті тыңдарманым”, – деп түйіндеді әнші.

 

Еске салайық, бұған дейін Мөлдір Әуелбекова КешYou-дың концертіне қатыспайтынын мәлімдегені хабарланған еді. Өнер иесі бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Оның сөзінше, концерт оның қатысуынсыз да жоғары деңгейде өтеді. Ол, осылайша, өнер жолындағы үлкен бір тараудың бетін жабатынын жеткізді.

“Кешьюдың концертіне қатыспау туралы шешім қабылдадым. Менсіз-ақ, алтын құраммен керемет кеш өтетініне сенімдімін. Осылайша, өнер жолымдағы үлкен бір кезеңнің бетін өзім үшін жабамын”, – деп жазды ол.

Ал Баян Алагөзова оның бұл шешімін сатқындық деп бағалады. Продюсер ашуын жасыра алмай, Мөлдір Әуелбекованың бұл қылығына мүлде таңғалмағанын айтты.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 02 Қазан, 2026 12:50