Мишустин ЕАЭО-ны қайта құру үшін Қазақстанға келді
Ресей үкіметінің басшысы атанған Михаил Мишустин 31 қаңтарда Қазақстанда өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысына қатысты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Кеңес отырысы барысында қатысушылар Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттердің ұлттық валюталарында есеп айырысуға көшу және бірлестік шеңберіндегі интеграцияны талқылады. Желтоқсанда Ресей президенті Владимир Путин ЕАЭО-дағы интеграциялық процестерді жоғары бағалапты. Айтылған жайт жаңа премьер-министр жұмысындағы маңызды бағыттардың бірі болатындығы сөзсіз.
Ресейдің Ұлттық стратегия институтының халықаралық жобалар жөніндегі директоры Юрий Солозобов Мишустиннің міндеті Дмитрий Медведев тұсында бәсеңдеп қалған ЕАЭО мүше мемлекеттерінің ынтымақтастығын "қайта жандандыру" екенін атап өтті. Бұл ретте жаңа премьер-министрге алдындағы Ресей Федералды салық қызметінің басшысы ретіндегі тәжірибесі көмектесе алуы мүмкін екен.
"Мишустиннің сапары екіжақты қатынастарға жаңа серпін беруі керек, өйткені Медведев кезінде тек Ресей экономикасы ғана емес, сонымен бірге Еуразиялық одақ аясындағы қатынастар да белгілі бір деңгейде тоқырауға ұшырағандықтан, бұл арада тез арада шешімді қажет ететін проблемалар қордаланып қалған. Солардың ішінде, мысалы, фитосанитарлық бақылау мәселелері, импортталатын тауарларға әр түрлі шектеулер және т.б. Мұның бәрі үлкен саясат тұрғысынан елеусіз болып көрінуі мүмкін, бірақ бұл қарапайым азаматтардың қалтасын қағып, мемлекетаралық қатынастарда алаңдаушылық тудырады. Кейбіреулер Ресей еуразиялық жобада серіктестерінің пікірін пысқырып қарамай, "өз-өзіне ор қазып жатыр" деген пікірде. Сондықтан бұл проблемалар шешілуі керек. Менің ойымша, ЕАЭО шеңберіндегі барлық экономикалық қатынастарды тексеру қажет. Үлкен ортақ нарықтың дамуына мүмкіндік беретін нақты ережелер болуы керек. Осы тұрғыда объективті ақпараттарға ие Мишустин салық маманы ретінде екіжақты қатынастарды прагматизм және ұтымдылықпен қамсыздандыра алады", - деді Солозобов.