Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Менімен селфи жасайтындай ол кім сонша?": Рымбаева Наурыздағы дауға қатысты пікір білдірді

Роза Рымбаева Наурыз мерекесі қарсаңында сахнада болған дауға қатысты пікір білдірді. Семейде өткен концерт кезінде көрерменнің бірі сахнаға шығып, Халық әртісімен селфиге түскен еді. Мұны жақтырмаған әнші көрерменнің кеудесінен итеріп, сынға қалды. Тимур Балымбетовке берген сұхбатында Рымбаева мән-жайды түсіндірді.

"Сол көрермен әртісті сыйламады. Мен мыңдаған көрерменнің алдында ән айтып тұрсам, селфи жасап жатыр. Менің ән айтып тұрғанымда, образда тұрғаныма, мыңдаған халықтың менің әнімді тыңдап тұрғанында шаруасы жоқ. Өзінің ойын жасап жатыр", – деп ашынды Халық әртісі. 

Роза Қуанышқызының айтуынша, бұл – мәдениетсіздіктің белгісі.

"Кейінгі 30 жылдықта еркіндік, егемендік келді. Фонограмма деген сәнге шықты, соның арқасында жұлдыздар көбейіп кетті. Телеарна мен радиодан сәнді әндерді кешке дейін береді, содан осындай тәрбие, жол ашылып кетті. Көрермен де, әншілер де еркіндікте. Нені қалаймын, соны істеймін деген сияқты. 



Одан да шаршайтын күн болатын шығар. Саннан гөрі сапасына көшетін шығармыз деп үмітімді үзбеймін.

Бірақ өзім бір ұстаныммен ғана жүретін адаммын. Мені, өнерімді сыйламайтын адамға "ары тұр" деп айтамын. Мыңдаған көрерменге қарамай, селфи жасап жатыр. Менімен селфи жасайтындай ол кім соншама? Бөгет болма, былай тұр, ән айтуға мүмкіндік бер дедім. Айқайлаған жоқпын, итерген жоқпын. Не істеймін енді? Онымен түссем, екінші, үшінші көрермен шығады. Сосын өзіңді таптайды. Еркіндіктің де шегі болу керек", – дейді Роза Рымбаева.

Әнші мұндай ыңғайсыз жағдайлар сахнадан тыс жерде де болып тұратынын атап өтті. 

"Әншіні балағаттап та кетеді. Мен бассейннен шығып, шашым су болып тұрған кезде, біреу суретке түсейік дейді. Бұл түріммен түспеймін десем, сол кісі маған көзін алартып, ішінен неше түрлі сөз айтып кетті. Қазір сондай", –  дейді Рымбаева.  

Еске салайық, наурыз айында Роза Рымбаева өзімен суретке түскісі келген тыңдарманның кеудесінен итеріп, сынға қалған еді.

Талқылау