Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мен бетімдегі қал мен меңдерден қалай құтылдым: Stan.kz тілшісі тәжірибесімен бөлісті

Stan.kz тілшісі Жанар Ерікқызы бетіндегі қалдар мен меңдерді алдыртып, оқырмандарымен бұл процедураны жасаудың оңтайлы жолымен бөлісті.

Менің бетімде меңдер бала кезімнен өте көп болды. Қазір де жетерлік. Бірақ жасөспірім кезімде көзімнің, мұрнымның қасында кішкентай томпақ меңдер пайда болып, өсе бастады. Ұзақ уақыт бойы безеу ме екен деген оймен де жүрдім, қозғамадым. Әпкелерімнің бірі жуырда меңдерін алдыртқанын айтты, маған да барып келуге кеңес берді. Алматыда мұндай жеңіл операциямен айналысатын орталықтар көп. Мен, атап айтсам, Оксана Малицкая атындағы косметологиялық клиникаға бас сұқтым.

Басқа бір өсінді деп жүргендерім мең болып шықты. Оны ем-шараның алдында онколог-дерматолог анықтайды. Мең мен қалдарды алдыруға болатынын/болмайтынын тексереді. Тек содан кейін ғана басқа дәрігер арнайы бөлмеде меңдерді алуға кіріседі.

Оны алдырудың бағасы өлшеміне қарай, мәселен, менікінің әрқайсысын алдырту 6 500 тг болды. Басқа жерде одан да арзан деп естідім. Бірінші залалсыздандыратын спиртпен сүртіп, артынан инесі өте кішкентай шприцпен анестезия салады. Тек содан кейін арнайы құрылғымен меңдерді күйдіріп алып тастайды. Мүлдем ауырмайды деуге болады.

Сол күні шомылмауға, суға түспеуге, бір ай спортпен айналыспауға кеңес береді. Екі апта бойы меңнің орындарын марганец ерітіндісімен сүртіп, балалар талькін жағу керек. Екі апта ішінде күйдірілген терінің орны қарақотырланып, өзі түсіп қалады. Бір айдың ішінде тері орнына келіп, тегістеледі. Барлық іздері толығымен жарты жыл ішінде кетеді.

Жалпы дәрігерлер денедегі барлық мең-қалдарды онколог-дерматологқа көрсетіп, үнемі бақылауда ұстауға, күн көзінде күйдірінбеуге кеңес береді. Бұл түрлі тері ауруларының да алдын алуға көмектеспек.

Кей кезде адамның бетіндегі мең ажарлындыра түседі, бірақ кейде өсіп, ыңғайсыз жерде орналасуына, үлкен өлшеміне және басқа себептерге байланысты дефект ретінде көрініп тұратыны жасырын емес. Осындай жағдайда дәрігерге көрініп, замануи медицинаның мүмкіндіктерін пайдаланудың әбестігі жоқ деп ойлаймын.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр