Мемлекетке опасыздық жасағаны үшін айыпталған Кәрім Мәсімов президенттен кешірім сұрады – ҰҚК
Мемлекетке опасыздық жасағаны және билікті басып алуға тырысқаны үшін айыпталған ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов президенттің атына кешірім беруге өтініш білдірген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото ҰҚК кадрларынан скринделген
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, қазір Кәрім Мәсімов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қаулысы негізінде Астанадағы ҰҚК тергеу изоляторында.
"Шынында да, осы мекемеден ол 2024 жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасы президентінің атына кешірім жасау туралы өтініш жолдады", – деп хабарлады ведомство.
Онда Мәсімовке қатысты қылмыстық кодекстің 218-бабы, 3-бөлігі, 3-тармағы ("Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату)") және 366-бабы, 4-бөлігі ("аса ірі мөлшерде пара алу") бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр.
Еске салсақ, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Мәсімов ақша жымқырды және аса ірі көлемде пара алды деген күдікке ілінген еді.