Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мәсімов ақша жымқырды және аса ірі көлемде пара алды деген күдікке ілінді

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Мәсімов ақшаны жымқырды және аса ірі көлемде пара алды деген күдікке ілінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарлауынша, Мәсімовке қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. 

"Ұлттық қауіпсіздік комитеті Кәрім Мәсімовке қатысты Қылмыстық кодекстің 208 бабы "Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыруға делдалдық ету" және 366 бап "Аса ірі мөлшерде пара алу" баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастырып жатқанын хабарлаймыз", - делінген хабарламада.

Осыған орай, Қылмыстық атқару кодексінің 92-бабының 3-бөлігіне сәйкес сотталған Кәрім Мәсімов прокуратураның санкциясымен қылмыстық іс аясындағы бірқатар тергеу әрекеттерін жүргізу үшін Астана қаласы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. 

Айта кетейік, сот қаулысымен Кәрім Мәсімов Қылмыстық Кодекстің 175-бабының 1-бөлігімен "Мемлекетке опасыздық жасау", 179-бабының 3-бөлігі “Билiктi күшпен басып алуға немесе билiктi күшпен ұстап тұруға бағытталған әрекеттер”, 362-бабының 4-бөлігінің 3-тармағымен “Өзi немесе басқа адамдар немесе ұйымдар үшін пайда мен артықшылықтар алу не басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтiру” бойынша кінәлі деп танылып, үкімдерді ішінара толықтырып, түпкілікті 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылған болатын. 

Талқылау