Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мектептерде жаппай атыс болады": Ақтөбеде жасөспірімнің хабарламасынан кейін 50 мыңға жуық бала сабаққа бармады

49 мыңнан астам ақтөбелік оқушы үрей тудырған хабарламадан кейін мектепке бармай қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: www.admsayansk.ru

Бүгін Ақтөбе мектептері оқушылар санының аз болғанын хабарлады. 

"Бірінші ауысымда оқитын 57924 оқушының 8558-і ғана таңертеңгі сабаққа келді. Бұл жалпы оқушылардың 15 пайызы ғана. 26 қаңтар күні Ақтөбе мектептерінде жаппай атыс болады деген хабарламадан кейін ата-аналар балаларын мектепке жібермей қойды", - деді білім басқармасы. 

Полицейлер, тіпті облыс басшысы Асхат Шахаровтың өзі жалған ақпаратқа сенбеуді өтінгенімен, жұрт алаңдауға негіз бар деп есептеді. Дүрбелеңге түспей, әдеттегідей сабаққа келгендер үшін сабақ әдеттегідей өтіп жатыр, дейді шенеуніктер.

"Ақтөбеде жағдай тұрақты, алаңдауға негіз жоқ. Білім беру мекемелері штаттық режимде жұмыс істеуде, олардың қауіпсіздігін полиция жасақтары қамтамасыз етуде. Білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті, оның ішінде бейнебақылау арқылы бақылауға баса назар аударылуда. Полиция жасақтары білім беру ұйымдарына мүмкіндігінше жақын орналасқан. Азаматтардан арандатушылыққа бой алдырмауды және тек ресми ақпаратқа сенулерін сұраймыз", - деді Ақтөбе облысының полиция департаменті.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ақтөбеде белгісіз біреу мектептерде жаппай атыс болатынын Telegram-арнасы арқылы хабарлаған еді. Ақпаратты ести сала полиция қызметкерлері білім ордаларын бақылауына алды. Ал балаларының қауіпсіздігі үшін алаңдаған ата-аналар оларды мектептен алып кетті. 

Талқылау