Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Еліміздегі мектептерде сабақтың басталу уақыты өзгеруі мүмкін: Шешімді уақыт белдеуі ауысқан соң әкімдіктер қабылдайды

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ведомство бірыңғай уақыт белдеуі өзгерген соң жергілікті әкімдіктер сабақтың басталу уақытын қайта қарауға мүмкіндік беретінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pexels.com

Министр бірыңғай уақыт белдеуіне көшу туралы шешімді тиісті сарапшылар, ғалымдар зерттеп барып қабылдағанын атап өтті. 

Оның айтуынша, министрлік бірінші ауысым оқушыларына сабақтың басталу уақытын қайта қарауға мүмкіндік береді.



"Оқу уақыты бойынша, әрине, жергілікті атқарушы органдарға қажет болған жағдайда сабақтың басталу уақытын қайта қарауға мүмкіндік береміз. Бұған еш кедергі жоқ. Мысалы, таңертеңгі сағат 08:00-де оқуды бастайтын мектептер 08:30-да бастауы мүмкін. Әрине, өзгертуге мүмкіндіктер бар", – деді Ғани Бейсембаев.

Еске сала кетейік, қараша айында мәжіліс депутаты Еркін Әбіл премьер-министрге ерекше сауал жолдаған еді. Ол үкіметтен Қазақстандағы уақыт белдеуі мәселесін шешуді сұрады. Себебі шығысқазақстандықтар жаңа бірыңғай уақыт белдеуіне ауысқысы келмейтінін айтқан. Тұрғындардың наразылығына қарамастан, қаңтар айында Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуі орнатылатыны белгілі болды. 2024 жылғы 1 наурызда сағат 00:00-ден бастап елдің бүкіл аумағында бірыңғай уақыт белдеуі орнатылады. Осылайша Қазақстанның бүкіл аумағына 5-уақыт белдеуі (UTC+5) қолданылады.

Талқылау