Мектептерде балаларға сынақ жүргізіледі деген ақпарат ата-аналардың наразылығын туғызды
Бір топ ата-аналар Білім министрлігінің терроризмге қарсы нұсқауына қарсы шықты. Олардың айтуынша, мектепте балалар үстінен сынақ жүргізіп, артынан бақылау орнатып және белгісіз бағытқа алып кететін көрінеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар топтамасына сілтеме жасап.
Қазақстанның ата-аналар одағында мектеп басшылығына террористік қауіп орнай қалған жағдайда әрекет ету нұсқаулығы берілген сәттен бастап наразылықтар күшеюде. Олар мектептерде балалардың қауіпсіздігін сылтау етіп билік мектеп оқушыларының биометрикалық мәліметтерін жинауға, іздеуге және сканерлеуге мүмкіндік беретін норма енгізіп жатқанына сенімді. Сонымен қатар мектепте ата-аналардың хабарынсыз антитеррорлық жаттығулар мен сынақтар жүргізеді деп есептейді олар.
"Ол жақта эксперимент сөзі қолданылады. Қалай сынақ сөзін балаларға қарсы қолдануға болады? Бізге мектепке кіруге құқымыз жоқ екенін айтады. Қалай құқығымыз болмайды?! Осылайша олар тағы да конституция заңдарын бұзып тұр. Біздің балаларымыз сол мектеп қабырғасында білім алып жатқан уақытта біздің еркін жүруімізге әрқашан құқығымыз бар", – дейді Қазақстан ата-аналар одағының мүшесі Юлия Жабровец.
Құжатты Білім министрлігі лаңкестікке қарсы орталық, Ішкі істер министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп әзірлеген. Ол осы жылдың 12-26 шілдесі аралығында қоғам арасында талқылауда болды. Ал ғаламторда 6 тамыз күні сағат 9:00-ден 13:00-ге дейін бар болғаны 4 сағат талқылауда болған деп күдіктенеді ата-аналар.
Бұйрыққа сәйкес, барлық мектептерге тек бейнекамералар ғана емес, сонымен қатар металл іздейтін рамаларды орнатуға тапсырма берілетін болады.
"Толық бақылау орнайды, ішкі бейнебақылау, сыртта түрлі түймелер мен тексерулер болады. Егер дәл сол жүйе біздегі сыбайлас жемқорлық жағдайы ең жоғары ұйымдарға қойылса, онда мемлекет біраз пайда табар еді", – дейді ҚР Тұтынушылар қауымдастығының төрағасы Жаслан Айтмағанбетов.
Білім министрлігі ата-аналардың алаңдаушылығына әлі жауап берген жоқ. Бірақ бұған дейін департамент ата-анасының келісімінсіз қауіп төнген жағдайда эвакуация жасайтыны туралы ақпаратты жоққа шығарған.
"Қазақстанда ешқандай себепсіз балаларды жасырын түрде көшіру туралы әңгіме болған емес. Мұндай нормалар қолданыстағы заңнамада да, Білім және ғылым министрінің бұйрығының жобасында да жоқ. Мектеп оқушылары қауіп төнген жағдайда ғана жақын маңдағы қауіпсіз аймаққа көшірілетін болады, ал сынып жетекшісі бұл туралы ата-аналарына хабарлауға міндетті", – делінген Білім және ғылым министрлігінің бұған дейін берген жауабында.
Белсенді ата-аналар министрліктің терроризмге қарсы нұсқау бұйрығының күшін толық жоюды талап етеді, ұсынылған шаралар мен шығындар терроризм қаупіне қарама-қайшы келеді дейді олар. Сонымен қатар таңдау құқығын беруге және тек Алматыда, Нұр-Сұлтанда және Атырауда тұратын балаларды ғана емес барлығына бірдей онлайн және оффлайн оқу мүмкіндігін қосуды талап етеді.