"Мектеп оқушысы қоятын спектакль": Ахметбек Нұрсила "Молда" фильмін сынады
Белгілі қоғам белсендісі Ахметбек Нұрсила “Өнер қырандары” түсірген “Молда” фильмін сынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
Желі белсендісі туындыны мектеп оқушысы қоятын қойылымға теңеді.
"Молда" сияқты қараңғылыққа апаратын киноға 1,5 сағатыңды құртпау керек. Сценарийі 3-4 сыныптағы оқушылардың спектаклі сияқты екен. Ойдан құрастыра салған оқиғалар, ешбір қисынсыз, қараудың өзі ұят, ыңғайсыз. Бандиттің рөлі – баланың ойыны. Сөзі, қимылы әрекеті – жабайы. Өмірде ондай болуы мүмкін емес. Оқиға қиялы мүлде шындыққа жанаспайды: “Құдай маған көмекші жіберші” деп дұға жасаса, сол минутында көмекші молда сап етіп пайда бола қалады. "Құдайдан сұрасаң “форточкадан” бере салады" деген анекдотқа ұқсайды. Бір тиыны жоқ молда бір алқашқа 10 000 доллар қайырымдылық жасайды. Қазақтың қайтқан адамды жөнелту дәстүрін ашық мазақ қылу, қорлау”, – деп жазды Ахметбек Нұрсила.
Одан кейін қоғам белсендісі дінге қатысты дүниенің бәрі қараңғылыққа апаратынын айтты.
“Осы сияқты арзанқол дүниеге адамдар қырылып барып, көзін жұмып, ауыздарын ашып жатқаны шошытады. Қоғамның деңгейі қандай болып барады?! Біріккен Араб Әмірлігі қараңғылықтан шығуға бет алғанда, маған Қазақстан сол қараңғылыққа қарай желкенін көтеріп алып зулап бара жатқан кеме сияқты көрінеді”, – деп жазды бизнес саласының маманы.