Мектеп директоры Ақмоншақ Нұртаза "Алтын ханым – 2026" байқауының жеңімпазы атанды

"Алтын ханым – 2026" байқауы биыл да қоғам назарын өзіне аударды. Алматыда өткен ауқымды жобаның бас жүлдесін елордалық мектеп директоры, блогер әрі көпбалалы ана Ақмоншақ Нұртаза иеленді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астана қаласындағы №58 мектеп-гимназияның директоры атанған Ақмоншақ Нұртаза бұл жолы мүлде басқа қырынан танылды. Төрт дипломы бар, PhD докторанты, білім саласының өкілі енді ел алдында "Алтын ханым – 2026" титулын жеңіп алып отыр.
Қатысушының айтуынша, жобаға дайындық оның өмір салтын түбегейлі өзгерткен.
"Бүгінгі жеңіс менің ғана емес, мені шын жүректен қолдаған әрқайсыңыздың жеңісіңіз. Осы жолда әрт сәтте жанымнан табылып, дауыс беріп, жақындарыңызға айтып, қолдау көрсеткен баршаңызға шексіз алғысымды білдіремін. Сіздердің сенімдеріңіз маған күш берді, ал махаббаттарыңыз жүрегіме үміт сыйлады. Бұл жеңіс – үлкен жауапкершілік, үлкен аманат. Мен үшін бұл тек бастамасы… Алда әлі талай әдемі белестер бар деп сенемін. Жанымдағы әрбір жанға рахмет! Бірге болғандарыңыз үшін, шынайы қолдауларыңыз үшін, жүректен шыққан әр тілек үшін мың алғыс", – деп жазды жеңімпаз желідегі парақшасында.
Ол қысқа уақыт ішінде 10 келі салмақ тастап, өзін физикалық әрі психологиялық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерген.
Жеңімпазға берілген 3 миллион теңге көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Алайда Ақмоншақ Нұртаза қаржыны жеке қажетіне емес, әйелдерді қолдауға бағытталған әлеуметтік жобаға жұмсайтынын мәлімдеді. Одан бөлек оған белгілі сән үйінен шапан кигізді.
Баян Алагөзова жетекшілік ететін компания ұйымдастыратын байқау – соңғы жылдары қоғамда қызу талқыланып жүрген жобалардың бірі.
Жобаға тек тұрмыстағы және ажырасқан 35 жастан асқан әйелдер қатысады. Олардың тұлғалық дамуы, отбасыдағы рөлі, қоғамдық белсенділігі және ерекше оқиғалары сияқты көрсеткіштері бағаланады. Айта кетейік, байқау екінші рет ұйымдастырылып отыр. Өткен жылы жеңімпаз атанған Самал Асанова эстафетаны биыл Ақмоншақ Нұртазаға табыстады. Байқауға еліміздің әр өңірінен жиналған 22 үміткер қатысты. Қатысушылар бірнеше ай бойы түрлі кезеңдерден өтіп, өздерінің іскерлік, интеллектуалдық және шығармашылық қабілеттерін сынады.
Финалдық кезеңнің қорытындысы бойынша Ақмоншақ Нұртазаның дайындығы мен аудиторияның қолдауы оған "Алтын ханым" атағын алуға мүмкіндік берді. Продюсер Баян Алагөзова жеңімпазды марапаттай отырып, оның жоба барысындағы еңбекқорлығын ерекше атап өтті.
Ақмоншақ Нұртазақызы әлеуметтік желідегі жазбасында титулдың салмағын ерекше атап өтті.
"Алтын ханым тек атақ емес, бұл – үлкен жауапкершілік, сенім және халықтың ықыласы", – деді Ақмоншақ Нұртаза.
Дегенмен бұған дейін Ақмоншақ Нұртаза әлеуметтік желіде, әсіресе TikTok платформасында белсенді болып, мектеп оқушыларымен бірге түрлі трендтік видеолар түсіргені үшін сынға қалған еді.

Фото: Ақмоншақ Нұртазаның желідегі парақшасынан скрин
Сол кезде қоғамда ұстаз әдебі, мектептің мәртебесі және оқушыларды контентке тартудың этикалық шегі қызу талқыланды. Кейбір ата-аналар мен мамандар мұндай әрекеттерді қолдамағанымен, енді бір бөлігі оны заман талабына сай, оқушылармен жақын байланыс орнатудың жаңа тәсілі ретінде бағалады.
Осы жағдайдан кейін білім саласында да пікірлер айтылып, оқушыларды әлеуметтік желі контентіне тартуға қатысты шектеу қою мәселесі көтерілген. Сол тұста мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов та өз пікірін білдіріп, мектептің басты миссиясы білім мен тәрбие беру екенін атап өткен еді. Кейін Ақмоншақ Нұртаза директорлық қызметінен кеткен еді.

Фото: Ақмоншақ Нұртазаның желідегі парақшасынан скрин
Сол кезде оның “Директормен шай” подкасты да оқырмандардың сынына қалған еді. Бұдан бөлек, түрлі қазақстандық жобаларда төбе көрсетіп, өз өнерін де көрсеткен еді. Біраз уақыттан кейін директорлық лауазымына оралып, осы қызметін жалғастырып жүр.
"Өлтіруге болатынын балаларға көрсетуге болмайды": Аружан Саин бұралқы иттерді жоюға қарсы шықты