Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Былтыр футбол клубтарына 27,3 млрд теңге жұмсалды": Депутат Нартай Аралбайұлы спортқа бөлінген қаражаттың тоналғанын айтты

Бүгінгі Парламент мәжілісінің отырысында депутат Нартай Сәрсенбаев премьер-министр Олжас Бектеновке спорттағы қаржы мәселесін айтып сауал жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: aikyn.kz

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы әңгіменің әлқиссасын соңғы 6 жылда спортқа бөлінген қаражатты санап бастады. Осы уақыт аралығында ел спортын дамытуға 1,4 триллион ақша бөлінгенін, оның үстіне алдағы екі жылда тағы 1,3 триллион теңге мемлекет қазынасынан сұралғанын айтты.

"Қазақстан кәсіби спортқа ақша құюдан алдына қара салмай тұр. Орта Азия елдерін озғаны аздай, Канада, Норвегия, Нидерланды да біздің шашпалыққа жете алар емес. Бірақ әлемдік спорт рейтингінде Қазақстан 2014 жылы 25-орында болса, 2023 жылы 42-орынға түсіп қалды", - деді Нартай Сәрсенбаев.

Нәтиженің нашарлауына басты себеп: спорт түрлерінің сараланбауында. Қаражаттың 60 пайызы олимпиадалық емес спортқа кетеді. Соның нәтижесінде Қазақстан құрамасы соңғы екі олимпиада ойындарында алтынсыз қайтты. Төрт жылдықтың басты додасында еліміздің әнұраны мүлде шырқалмады. Сондықтан мәжілісте қаралып жатқан "Спорт туралы" заң жобасына осы олқылықты тоқтату үшін, қаражат бөлінетін спорт түрлерін сараптауды жөн көріпті.

"Енді мемлекеттен бөлінетін қаражат олимпиада, параолимпиада, сурдлимпиада, азия, параазия және ұлттық спорт түрлеріне ғана бөлінеді. Бұл бүгінге дейін тіркеліп келген 180-нен астам спорт түрін 3 есе қысқартуға мүмкіндік береді", - деді халық қалаулысы.

Мәжіліс депутаты мемлекеттен миллиардтар алып келген клубтарды да бір түгендеп шықты. Атап айтсақ, соңғы 6 жылда "Барыс" хоккей клубы 49 млрд теңге алған. Ал "Астана" футбол клубы дәл осы аралықта 50 млрд қаражат жұмсаған. Бюджеттен бөлінген ақшаның көлемді болғанына қарамастан аталған командалардың инфрақұрылымы жасалмаған. Мысалға, "Астана" футбол клубы алты жыл ішінде футбол алаңдары мен ғимараттарды жалға алуға 1,4 млрд теңге жұмсаған.

"2023 жылы "Ақтөбе" футбол клубы 1,8 млрд теңге қаржы алса, 2024 жылы 3,6 млрд теңгеге қаржыландырылған. "Астана" футбол клубының 2023 жылы алған қаржысы 5,2 млрд теңге болса, 2024 жылы 5,3 млрд теңгеге жеткен. "Жеңіс" футбол клубы 2023 жылы 500 млн теңгеге алса, 2024 жылы 1,5 млрд теңгеге қаржыландырылған. "Ордасы" футбол клубының алған қаржысы 2023 жылы 5,6 млрд теңге, 2024 жылы 5,3 млрд теңге болған. Жалпы 2024 жылы Қазақстандағы 13 футбол клубын қаржыландыруға 27,3 млрд теңге жұмсалған.

Бұған 2023 жылдың өзінде "Спорт қорынан" 6 млрд теңге алған "Астана" велокомандасымен, 1,3 млрд теңге алған "Астана" баскетбол клубын қосыңыз. Айта берсем ақпарат өте көп, сәйкесінше спортқа бөлінетін қаражатты шектеу туралы шешімнің дұрыс екенін, ал бүгін байбалам салғандардың түпкі мүддесі не екенін анық аңғаруға болады", - деді Нартай Аралбайұлы.

"Спорт туралы" заңды халықтың мүддесі үшін қарап, түзетіп жатқан Мәжіліс пен Туризм және спорт министрлігіне ақпараттық шабуылдар басталып кетіпті. Тіпті, кейбір жерде министрлікке жасалып жатқан шабуылдың ақшасын бюджеттің есебінен төлейтіндер де бар көрінеді. Спорттағы қаржылық мәселелерді тізбектеген Нартай Сәрсенбаев осылай деп премьер-министр Олжас Абайұлына хат жолдады. Сондай-ақ Туризм және спорт министрлігіне ақпарат құралдары мен интернет қолданушыларын дүрліктірмес үшін заң жобасы аясында түсіндіру жұмыстарын көбейту керек екенін айтты.

Бұған дейін, мәжіліске келген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің орынбасары Ұлан Сарқұлов спорттағы қаражаттың легионерлерге кеткенін айтқан еді.

Талқылау