Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Майқайың кенішіндегі автобус апатында қаза тапқан құтқарушының отбасы компаниядан 120 млн теңге өндіріп алды

Майқайың алтын кешінінде автобус апатында қаза тапқан құтқарушының отбасы компаниядан 120 миллион теңге өндіріп алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Коллаж Stan.kz

2024 жылдың 4 қаңтар күні Павлодар облысындағы Майқайың кеніші маңында құтқарушылар мінген автобус шұңқырға құлап кеткені туралы жазған едік. Шұңқырға құлаған автобустың ішіндегі төрт адам көз жұмды. Оқиғадан кейін құрылған арнайы комиссия оқыс оқиғаға тексеру жүргізіп, нәтижесінде жұмыс беруші "Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметі" ЖШС республикалық орталық штабының 100% кінәлі екені анықтады.

"Қайтыс болған құтқарушы Т-ның анасы, қызы, ұлы және әпкесі қызметтік міндеттерін орындау кезінде қайтыс болуына байланысты моральдық залалды өтеу туралы талап арызбен жүгінді. Моральдық залал ретінде оларға келтірілген моральдық азап, қазаның ауырлығы мен жерлеу кезінде марқұммен қоштасу мүмкін болмауы, жұмыс берушінің көңіл айтып, қолдау көрсетпеуі көрсетілген", – делінген Екібастұз қалалық сотының хабарламасында.


"Оңтүстіктен көшіп келген": Майқайың кенішінде мерт болған құтқарушының отбасы күндерін әзер көріп отырғанын айтты


Сот апатқа жұмыс берушінің 100% кінәлі екенін негізге ала отырып, қайтыс болған құтқарушының туыстарының талаптарын толық көлемде қанағаттандырып, туыстарының әрқайсысының пайдасына сұралған 30 млн теңге көлемінде моральдық шығынды өндіру туралы шешім шығарды. Моральдық залалдың жалпы сомасы 120 млн теңге болды. 

Сот шешімі жарияланғаннан кейін марқұмның қызы Яна Осолодкова көзіне жас алды. 

"Марқұм әкемнің және отбасымның намысын қорғап шыққаныма қуаныштымын", – деді Яна. 

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, 2024 жылдың 25 шілдесінде шұңқырға құлаған автобустың ішіндегі төртінші құтқарушының денесі апаттан жарты жыл өткенде жер бетіне шығарылған еді. Марқұм 75 метр тереңдіктен табылып, қалдықтары сараптамаға жіберілді.

Талқылау