Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресей әскері Херсонға басып кірді, ал Мариупольде әйелдер мен балалар кепілге алынған

Ресей әскері Украинаның оңтүстігінде орналасқан Херсон порттық қаласына басып кірген. Бұл туралы қала мэрі Игорь Колыхаев мәлімдеді. Ал Донецк облысының Мариуполь қаласында жағдай қиын, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап.

Украин әскерилері Мариупольде. © REUTERS / Carlos Barria

Ресей әскері Херсонға басып кірді

280 мың тұрғыны бар Херсон - ауыр шайқастардан кейін Ресей әскерлері басып алған алғашқы ірі украиналық қала. 
Колыхаевтың айтуынша, ресейлік әскерилер қалалық атқару комитетінің ғимаратына басып кіріп, қала тұрғындары үшін сағат 06:00-ден 20:00-ге дейін комендаттық сағат енгізді.

Айтуынша, Ресей тарапымен арада ешқандай келіссөздер болмаған, есесіне қаланың қалай жұмыс істейтіні сөз етілген.

"Бұл келісім болған жоқ. Менімен ешкім келіскен жоқ. Бірақ қаруланған қонақтар бүгін расымен де қалалық атқару комитетіне келді", - деп жазды Колыхаев "Фейсбукте".

"Біз командамызбен бейбіт адамдармыз. Біздің қолымызда қару, ниетімізде агрессия жоқ. Біз қаланы жабдықтандыру үшін жұмыс істеп жатқанымызды және шабуылдың салдарын жоюға тырысып жатқанымызды көрсеттік. Қаза болғандарды жинау мен жерлеу, азық-түлік пен дәрі-дәрмекті жеткізу, қоқысты шығару және апаттарды жөндеу мәселелері бойынша үлкен қиындықтарға тап болудамыз", - дейді қала басшысы. 

Мэрдің айтуынша, қала әзірге украин туының астында қалуда. Алайда ресейлік әскерилермен келісілген дүниелер мыналар: 
- Қалаға тек күндізгі уақытта шығуға болады. 

- Сағат 20.00-ден 06.00-ге дейін комендаттық сағатты қатаң ұстану керек. 
- Қалаға тек азық-түлік, дәрі-дәрмек пен өзге заттары бар көліктер шыға алады. 
- Нан зауыттары, дүкендер мен дәріханалар қызметкерлері жұмыстарына жету үшін біз коммуналдық транспортты қайта қосамыз. 
- Жаяу жүргіншілер бір-бірден, әрі кеткенде екіден жүре алады. Әскерилерді арандатпайды. Бірінші талаптан тоқтайды, қарсы шықпайды. 
- Шарт бойынша қалада жүруге рұқсат берілген автокөліктер минималды жылдамдықты сақтайды, кез-келген уақытта көліктегі заттарды көрсетуге міндеттеледі. 

"Мен инфрақұрылымды жаңартып, Херсонға инвестициялар тартып, үйлер, жолдар, саябақтар мен қала тұрғындары үшін жаңа өмір салуға келдім. Ал нәтижесінде мен қаза болғандарға арнайы пакеттер іздеп, "жасыл дәліз" сұрап, бүкіл әлемді тік тұрғызудамын. Танктер мен БТР-лерден кейін қаланы қалай қалыпқа келтіремін деп ойланудамын", - дейді Херсон басшысы. 

Мариупольде жағдай қиын

15 сағаттық үздіксіз бомбалаудың салдарынан Украинаның негізгі порттарының бірі Мариуполь "гуманитарлық зілзаланың" алдында тұр, деп мәлімдеді қала басшысы Сергей Орлов. 

Айтуынша, Ресей әскері өзінің барлық қаруын - артиллерияны, ракеталары мен ұшақтарын осы қалада қолдануда. 

"Олар қаланың күл-талқанын шығаруға тырысуда", - дейді Сергей Орлов. 
Орловтың сөзінше, ресейлік әскерилер қаладан бірнеше километр жерден, барлық жақтан негізгі инфрақұрылымға соққылар жасаған. Қаланың кей бөліктерін су мен электр қуатынан ажыратқан. 
Халық тығыз орналасқан аудандардың бірі тұтастай дерлік қираған, дейді қала басшысы.

"Мұндағы құрбандардың санын санай алмаймыз. Бірақ кемі жүздеген адам қаза болды деп ойлаймыз. Біз барып, олардың мәйітін жинай алмаймыз. Менің әкем сонда тұрады. Ол тірі ме, жоқ па, білмеймін", - деді Орлов. 

Ол украин әскеріне сенетінін, бірақ қаланың қазіргі жағдайы қиын екенін атап өтті.

Мариупольде 60-тан аса адам кепілге алынды

"Гастело көшесі, 17 үй мекен-жайы бойынша орналасқан №34 мектептің жертөлесінде еркінен тыс 60-тан аса тұрғын ұсталып отыр. Олардың жартысынан астамы әйелдер мен балалар. Мектепке гуманитарлық дәліз арқылы қаладан қашуға тырысқан барлық азаматтар күштеп жеткізілуде", - делінген халықтық милицияның Telegram-каналында.

Айта кетейік, бұған дейін Зеленский Украинада ресейлік 9 мың әскеридің көзі жойылғанын айтты. Сондай-ақ, Украинадан кеткен босқындар санының 1 миллионға жеткені хабарланды.

Талқылау