Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мәншүк Мәметованың кегін алу үшін барған": 18 жасында майданға аттанған Баян Байғожина жайлы тың мәліметтер табылды

18 жасында ерікті түрде майданға аттанып, Беларусиядан Германияға дейінгі жерлерді азат ету ұрыстарына қатысқан Баян Байғожина қазақтың төртінші батыр қызы атанған. Тарихи деректер оның 24 жаудың көзін жойғанын айтады. Ал өзі жеңіске санаулы күндер қалғанда майдан даласында шейіт болған. Артында іздеушісі болмай, бүгінгі күнге дейін елеусіз қалып қойған батыр қызды бүгінде ардагер ұстаз көпке дәріптер жүр. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі Хабар арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Түгелжан есімді ардагер ұстаз атын соғысқа кеткендер түгел оралсын деп ырымдап қойғанын айтады. Бүгінде ұстаз сол ұрыс даласында қаза тапқан жерлестерінің ерлігін түгендеп, жалпақ жұртқа дәріптеп келеді. Ардагер ұстаз алдымен Баян Байғожинаның соғысқа қалай аттанғаны туралы айтып берді.

"Мәншүк Мәметова қаза тапқанда бүкіл елдің жігіттері мен қыздары батыр қыздың кегін қуу үшін соғысқа сұраныпты. Баян да Мәншүктің кегін алуға соғысқа аттанады", – деп сөзін бастады Түгелжан Әзімжанова.

Абай ауданының Арқат ауылында дүниеге келген Баян Байғожина 18 жасында қасиетті борышын өтеу үшін соғысқа аттаныпты. Ол өз қалауымен Мәншүк секілді атқыштар бөліміне жазылады. Қарапайым күзетшіліктен бастап екі жылда шеберлігін шыңдаған қайсар қыз құралайды көзге атқан мерген болып шығады. Тапсырмаларының бірінде тіпті көпірді жармақ болған жаудың жансызын ұстаған. Беларусь, Литва, Польша мен Германия жерлерін азат ету ұрыстарына қатысып, екі рет жарақат алған.



"Қызыл жұлдыз" орденін алған. Екі рет "Даңқ" орденін, "Отан соғысы" орденін алған", –  деп қосты батыр қызды дәріптеумен келе жатқан Әзімжанова.

Бір әттегені мұның барлығы 50 жыл бойы өз жерлестерінен басқаларға беймәлім болып келген. Түгелжан Әзімжанованың тек 1945 жылы 8 наурызда жарық көрген "Правда" газетін тапқаннан кейін ғана сең орнынан қозғалған. Сол деректер себепті Баян Байғожинаға өзі туған ауданда ескерткіш орнатылып, Семей қаласында бір көшеге қайсар қыздың есімі берілген.

"Мен осы астанадан бір көше сұраймын. Неге десеңіз, ауылымызға қойылды, Семей қаласына қойылды. Бірақ астана бүкіл халық келетін жер ғой. Мемлекетіміздің бас қаласынан бір көшенің атын берсек, бүкіл халық білетін еді. Менің арманым сол", –  дейді Әзімжанова.

Тарихи газеттегі сол бір мақала "Жеңісті күндерде жүздескенше" деп аяқталғанымен, Шыңғыстаудың Баяны оған жете алмады. Соғыстың аяқталуына небәрі 12 күн қалғанда Германияның Гиддембург қаласы үшін болған ұрыста шейіт болған. Осыларды түгендеп жүрген Түгелжан Әзімжанова талай рет танымды кештер өткізіпті. Арнайы зерттеу жүргізілсе Баян Байғожина жайлы талай сырдың ашылары анық.

Талқылау