Маңғыстаудағы малдардың қырылуы: Министр жағдайға аудандық әкімдікті кінәлады
Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Маңғыстау облысында жылқылардың жаппай азық жетіспеушілігінен қырылуына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Журналистер ауыл шаруашылығы министрінен тұрғындар бұл мәселе туралы жергілікті билікке айтқанына қарамастан, жылқылардың неліктен қиын жағдайға тап болғанын сұрады.
"Аудандық әкімдіктер тарапынан немқұрайдылық болды ма? Бұған дейін қарызға жем бере алмас пе еді?"- деді ОКҚ брифингінде БАҚ өкілдері.
"Иә, менің ойымша, бұл аудандық әкімдіктердің олқылығы. Олар жергілікті жерлердегі жағдайды ауыл шаруашылығы министрлігіне немесе облыс әкімдігіне қарағанда жақсы біледі. Егер олар жағдайды алдын ала ескертіп, қолдау шараларын ұсынса, біз, әрине, үкімет тарапынан қазіргідей көмекті көрсететін едік”, – деді Сапархан Омаров.
Бұған дейін Маңғыстау облысында аштықтан құр сүйегі қалған жылқылардың суреттері желіде тарады. Жергілікті тұрғындар жайылымдардың кеуіп қалғанын, жылқы жемінің жетіспейтінін хабарлады.