Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстауда теңізден құтқарылған қыздарға қатысты жанжал: Төтенше жағдайлар департаменті сұрақтарға жауап берді

Маңғыстауда матраста отырған үш қызды дауыл Каспий теңізіне қарай ағызып әкеткен оқиға қазақстандықтар арасында әлі де талқылануда. Бір күн бұрын құтқарылған қыздардың бірі оқиғаның қалай болғанын айтып берген еді. Ал бүгін Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті брифинг өткізіп, жағдайға қатысты барлық сұрақтарға жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

"Оларды әзірбайжандық балықшылар құтқарып қалған"

"Қыздарды "Баку балықшылары" құтқарды деген пікірлер айтылып жатты. Осы орайда айтарым, қыздарды “Қазтеңізкөлікфлоты” "Сұңқар" кемесінің экипажы тауып алды. Бұл қазақстандық компания. Ешқандай "Баку балықшылары" емес.

Қыздар із-түссіз жоғалып кеткен күні оларды іздеуге көмектесу үшін Төтенше жағдайлар департаментіне жедел ақпарат жіберілді. Бұл бірлескен жұмыс. Әрине, "Сұңқар" кемесінің экипажына ерекше алғыс", – деді Маңғыстау облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Рәтбек Демеуберген.

"Төтенше жағдайлар департаменті қыздардың ата-анасына сағат 20:00-ден кейін іздеу жұмыстарымен айналыспайтынын айтқан"

Құтқарылған қыздардың бірі айтқан сөзге Рәтбек Демеуберген өз пікірін білдірді. 

"Шағын қайықтарды пайдалану ережесіне сәйкес түнгі уақытта бағдаршамдардың және жарықтың болмауы салдарынан құтқарушылардың өміріне қауіп төнуі мүмкін. Сол себепті, теңіз және әуе іздестіру жұмыстары жүргізілмейді. Бұл туралы жоғалған қыздардың туыстары хабарлаған. Сондай-ақ олардың назарына таңертең ерте, күн шыққан кезде іздеу жұмыстары қайта жалғасатыны айтылды. Өздеріңізге белгілі, сол күні дауылды ауа-райы болды. Оған қарамастан, құтқарушылар өз міндеттерін адал атқарды", – деді ол.

"Төтенше жағдайлар департаментінде жұмысқа жарамды қайық, тіпті дүрбі де жоқ"

Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Рәтбек Демеуберген бұл мәлімдеменің шындыққа жанаспайтынын айтты.

"Қайық, дүрбі және басқа да қажетті құрал-жабдықтар бар. Жыл сайын Төтенше жағдайлар департаментінің құтқару бөлімшелері бірнеше ондаған адамның өмірін сақтап қалады. Биылғы жылы, облыс әкімдігінің қолдауымен апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін 30 арнайы техника сатып алынды. Департаменттің жабдықталуы жүйелі, тұрақты жүргізіліп жатыр", –  деп жауап берді ол.

"Ата-ана өз ақшасына тікұшақ пен кеме жалдаған"

Мұндай қауесеттер желіде белсенді түрде тарады. Рәтбек Демеуберген бұл ақпараттың да шындыққа жанаспайтынын атап өтті.

"Жәбірленушілер тікұшақ пен кеме жалдаған жоқ. Жалпы, қыздардың туыстары іздестіру жұмыстарына ешқандай ақы төлемеген. Барлық шығынды мемлекеттік бюджет өтеген. Сондай-ақ тағы да айта кетейін: әлеуметтік желілердегі түсініктемелерде көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жеке тұлғалардың қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілігін қарастыру жоспарланып отыр", - деп қосты спикер.

Сондай-ақ, ол оқиғадан бір күн бұрын "112-ден желдің күшеюі туралы SMS-хабарлама" келгенін ескерсе мұндай жағдай орын алмас еді дейді. 

24 шілдеде Маңғыстауда үрлемелі матраста отырған үш қызды дауыл ашық теңізге қарай ағызып әкеткен. Ақтаудан 50 шақырым жерде Төтенше жағдайлар департаменті, ҰҚК Шекара қызметі және полиция департаментінің күштері іздестіру жұмыстарын жүргізді. Іздестіру жұмыстарына "Қазавиаспа" тікұшағы да тартылған еді. Қыздар 25 шілде күні таңертең табылған еді. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Маңғыстауда үрлемелі матраста шомылған үш қызды толқын теңізге ағызып кеткенін және Маңғыстауда теңізден құтқарылған қыздардың бірі күтпеген мәлімдеме жасағаны туралы жазған едік. 

Талқылау